Қазақстан Қытаймен бірге AI, логистика және AgriTech салаларын дамытпақ

Ulysmedia
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, оларды Қазақстандағы жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі жобаларға қатысуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 49 млрд долларға жетіп, рекорд жаңарған. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 млрд доллардан асты.

Тоқаев Қазақстанда жүзеге асып жатқан бірқатар ірі жобаларды атады. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен мақта-тоқыма кластері салынуда. Сонымен қатар елімізде HOWO, Yutong, JAC, Changan, Great Wall Motor және Chery брендтерінің автокөліктерін шығару жолға қойылғанын айтты.

Президент Қазақстанның цифрлық экономикадағы басты жобаларының бірі ретінде Екібастұздағы Data Center Valley бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы деректерді өңдеу орталықтары, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымының негізгі платформасына айналуы тиіс.

Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуды көздейтінін айтып, халықаралық жүк тасымалына арналған Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасын таныстырды. Президент қытайлық логистикалық және технологиялық компанияларды осы жобаға қатысуға шақырды.

Кездесуде ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы Қазақстан екі жыл қатарынан 27 млн тонна астық жинағанын айтып, елде жүздеген "ақылды ферма" жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуды мақсат етеді.

КРИПТОИНДУСТРИЯ МЕН ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕР

Бұдан бөлек, Президент Digital by Default қағидаты бойынша салынып жатқан Алатау қаласы туралы айтып, онда смарт-қала шешімдерімен қатар цифрлық активтер, токенизация, блокчейн және криптоиндустрияны дамытуға жағдай жасалатынын мәлімдеді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қытайлық инвесторлар үшін қолайлы бизнес орта қалыптастыруға дайын екенін айтып, инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік берілетінін атап өтті.

ТОҚАЕВТЫҢ САПАРЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді.

Бұдан бөлек, қытай компанияларының жетекшілерімен дөңгелек үстел өтеді. 17 шілде күні Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады. Жиын «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.