Тоқаевтың сынынан кейін екі облыста әкімдер ауысады

Ulysmedia
Gov.kz

17 шілдеде Атырау облысы мен Ұлытау облысы мәслихаттарының депутаттары жаңа әкімдерді тағайындауға келісім беру үшін жиналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Атыраудағы отырыс сағат 9:30-да Абай атындағы Оқушылар орталығының ғимаратында өтеді. Ал Жезқазғанда депутаттар сағат 11:00-де жиналады.

Президент жарлығына сәйкес, облыс әкімдерін тағайындамас бұрын олардың кандидатуралары мәслихат депутаттарының келісімін алуға тиіс. Үміткерлердің аты-жөні әзірше жарияланған жоқ.

2022 жылдың сәуірінен бері Атырау облысын Серік Шәпкенов басқарып келеді. Ал Ұлытау облысының әкімі қызметін 2024 жылдың қазан айынан бері Дастан Рыспеков атқарып отыр.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев төрт облыстың әкіміне, оның ішінде Серік Шәпкенов пен Дастан Рыспековке телефон арқылы сын айтқан еді.

Президент өңірлерді дамытудағы тәсілдерді сынға алып, облыс әкімдеріне экономиканы дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы, экология мәселелерімен белсенді айналысуды және тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруді тапсырған болатын.