Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы қайта ушықты. Кейінгі жылдары бұл мәселені шешу үшін жаңа тұщыту қондырғылары іске қосылып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылғанымен, биыл жазда Ақтау қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындары қайтадан су өшіріле бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұған дейін билік су тапшылығын өндірістік қуаттың жетіспеуімен түсіндіріп келген еді. Алайда қазір уәде етілген бірқатар нысан іске қосылғанына қарамастан, аптап ыстық басталысымен крандардан су қайта жоғала бастаған. Тұрғындар әлеуметтік желілерде шағымдарын жаппай жазып жатыр.
Осыдан кейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай су мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізді. Кездесудің видеосы желіде тарады.
ӘКІМ НЕ ДЕДІ?
Әкім жауапты мекемелердің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жағдайға эмоциямен баға берді.
– Не сендердің жандарың ашымайды, не бастарың істемейді – екеуінің бірі. Басқа менің сендерге айтатыным жоқ. (...) Қолдан істеп отырған проблема, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын соңында облыс әкімі коммуналдық қызметтер мен жауапты мемлекеттік органдарға жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Күндіз-түні ұйықтамайсыңдар. Қонасыңдар ма басында – бір-екі күннің ішінде мына проблеманың бәрі жабылатын болсын. Не істесеңдер, оны істеңдер, – деді әкім.
Маңғыстаудағы су тапшылығының қаншалықты жылдам шешілетіні алдағы күндері белгілі болады.