Еуропада аптап ыстықтан 12 мың адам қаза тапқан

Ulysmedia
көрнекі сурет. Фото: Legion Media

Маусым айында Еуропада аптап ыстықтан 12 мың адам қаза тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

AFP агенттігінің есебінше, маусым айының екінші жартысында Еуропада аптап ыстықтан 12 мыңға жуық адам көз жұмған. Агенттік есебіне Германия, Белгия, Испания, Франция, Люксембург, Швейцария, Нидерланд елдеріндегі деректерді біріктірген.

Деректерді есептеу барысында маусым айының 22-і мен 28-і аралығында аптап ыстық шарықтау шегіне жеткен тұста аталған жеті елде ыстықтан 10 мың адам көз жұмған. Ұлыбритания метеорологиялық қызметінің мәліметінше, 18-28 маусымда Британия мен Уэлсте 2200 адам қаза тапқан. AFP есебіне Шығыс Еуропа елдеріндегі жағдай енбеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге бұл өлімдердің басым бөлігінің алдын алуға қажетті құралдар мен ұсынымдар бұрыннан бар екенін мәлімдеді. Алайда оның сөзінше, көптеген мемлекеттер аптап ыстықты әлі күнге дейін денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес, жай ғана ауа райы құбылысы ретінде қабылдайды.

– Үкіметтердің бұдан кейін қандай әрекет жасайтыны – олардың өз таңдауы. Ал биылғы жаз қандай үлкен қауіптің бар екенін айқын көрсетті, – деді Ханс Клюге.

Қазақстандағы аптап ыстық

Қазақстан аумағында да аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Алматы қаласында ыстықтан жедел жәрдем көмегіне жүгінген халық саны артқан.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен. Оның ішінде, қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне байланысты қоңыраулар көбейген.

Сонымен қатар, ми қан айналымының бұзылуына ұшыраған науқастар шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.

Дәрігерлер алматылықтарға сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астында ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл киім мен бас киім киюге кеңес береді. Егер денсаулық жағдайы нашарласа, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Синоптиктердің болжамынша, Алматыда сәрсенбі күні ауа температурасы +33…+35°C болады. 16 шілдеде +36…+38°C, ал 17 шілдеде аптап ыстық күшейіп, +38…+40°C-қа дейін жетеді деп күтілуде.