Шығыс Қазақстан облысының халқы 2 мыңнан астам адамға қысқарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында 717 мың адам тұрады. Оның ішінде 485,9 мыңы қала тұрғындары болса, 231,1 мыңы ауылдық жерлерде тұрады.
Өңір халқының 52 пайызы – әйелдер (373,1 мың адам), ал ерлердің үлесі – 48 пайыз (343,9 мың адам).
ҚР Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Ерназ Нұрлановтың айтуынша, жыл басынан бері облыс халқы 2 016 адамға азайған.
Қала тұрғындарының үлесі 0,1 пайыз, ал ауыл халқының үлесі 0,6 пайыз төмендеген.
КОНТЕКСТ
Қазақстан демографиялық тұрғыдан халқы өсіп жатқан және тұрғындары азайып бара жатқан өңірлерге бөлініп келеді. Қазіргі таңда үш облыста табиғи кему тіркелген, яғни бұл аймақтарда дүниеге келгендер санынан қайтыс болғандар саны басым.
Демографиялық ахуалы күрделі өңірлер қатарына Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары енді.