Алматыда америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне қатысты мәселе туындады. «Қайрат» футбол клубы 14 тамызға жоспарланған концерттің клубпен келісілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Клубтың хабарлауынша, тамыз айында команда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізеді. Сонымен қатар еурокубок ойындарын да қабылдауы мүмкін.
– Мұндай ауқымды концертті өткізу үшін сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатып, кейін жинау қажет. Бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіреді. Спорттық күнтізбенің тығыздығын ескерсек, бұл көгалдың сапасына, аренаның дайындық деңгейіне және ресми матчтарды белгіленген талаптарға сай өткізуге кесірін тигізуі мүмкін, – деп мәлімдеді «Қайрат» клубы.
Клуб өкілдері әуелі матчтардың кестесін ескеріп, күндерді келісіп алу қажет екенін, содан кейін ғана Орталық стадионды концерт өтетін орын ретінде жариялау керегін айтты.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін ұйымдастырушылар америкалық рэпер Канье Уэсттің (Ye) Қазақстанда алғаш рет өнер көрсететінін хабарлаған еді. Концерт 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді деп жоспарланған. Ал билет сатылымы 20 шілдеде басталуға тиіс.