Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына мұнай тиеуге бара жатқан Nordic Zenith танкерінде екі дрон соққысынан кейін өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Шетелдік БАҚ-тың алдын ала мәліметінше, танкерге шабуыл түнгі уақытта жасалған. Кемедегі өртті экипаж мүшелері жедел түрде сөндірген. Осыған байланысты танкердің КҚК терминалы маңындағы тұрағы тоқтатылды.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, борттағы экипаж мүшелерінің бір бөлігі КҚК күштерімен эвакуацияланған. Шабуыл кезінде танкерге мұнай тиелмеген. Кеменің қандай зақым алғаны әзірше белгісіз.
АЛДЫҢҒЫ ОҚИҒАЛАР
Алдыңғы аптада америкалық Chevron компаниясы жалдаған және КҚК теңіз терминалына мұнай тиеуге бара жатқан Yasa Polaris танкеріне де дрондар шабуыл жасаған еді. Кейін кеме айтарлықтай зақым алмағаны белгілі болды.
Новороссийск маңындағы КҚК терминалы Қазақстан үшін аса маңызды. Себебі консорциум инфрақұрылымы арқылы елдегі ірі кен орындарынан өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы экспортқа шығарылады.