Ішкі істер министрлігі жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау қаупі артатынын ескертіп, ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ведомствоның мәліметінше, әсіресе 2 мен 5 жас аралығындағы балалар мұндай оқиғаларға жиі ұшырайды. Биыл жыл басынан бері елімізде балалардың терезеден құлауының 169 дерегі тіркелген. Оның 14-і қайғылы жағдаймен аяқталған.
Ішкі істер министрлігі мұндай оқиғалардың негізгі себептері ретінде балалардың қараусыз қалуын және олардың ашық терезелерге еркін қол жеткізуін атады.
ІІМ ЕСКЕРТУІ
Осыған байланысты министрлік ата-аналарға бірқатар қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді. Атап айтқанда, балаларды терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалдырмау, москит торына сүйенбеу, терезелерге арнайы блокаторлар орнату, жиһазды терезеден алыс орналастыру және мүмкіндігінше қорғаныс торларын пайдаланған жөн.
Ішкі істер министрлігі ата-аналарға баланың қауіпсіздігі ең алдымен олардың жауапкершілігінде екенін еске салып, сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауға үндеді.