1 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған Air Astana қызметкерлерінің үкімі өзгермеді

Ulysmedia
Air Astana

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Air Astana АҚ-дағы 1 миллиард теңгеден астам қаржының ұрлануы және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Сот мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырған адам 9 жылға, ал оның екі сыбайласы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, оларға бес жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Апелляциялық алқа қорғаушы тараптың шағымдарын қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот жәбірленуші тараптың 1 миллиард теңгеден астам көлемдегі азаматтық талап-арызын да қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген шығынды өтеуге бағытталады.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Air Astana әуе компаниясында 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру схемасы анықталғанын хабарлаған болатын.

Оның мәліметінше, кейінгі үш жылдағы аудит барысында компанияға келтірілген шығын көлемі 1 млрд 54 млн 740 мың теңге болған. Аудитті Ernst & Young мамандары жүргізген.

Тексеру барысында кейбір тұлғалардың әуе билеттерін брондау жүйесіне өзгерістер енгізіп, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену арқылы қаражатты жымқырғаны анықталғаны айтылған. Осыдан кейін Air Astana құқық қорғау органдарына жүгінген.