Павлодар облысының Ертіс ауданында прокуратура ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімсіз пайдаланылғанын анықтап, нәтижесінде кадастрлық құны 18 миллион теңгеден асатын 2,5 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
89 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Ертіс ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 89 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану заңдылығына талдау жүргізді.
Тексеру барысында 54 жер пайдаланушының жер заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмыс істегені анықталды. Атап айтқанда, заңда белгіленген жайылымдық жүктеме талаптары сақталмаған. Бұл талаптар жердің құнарлылығын сақтау, мал азығы қорын қалпына келтіру және топырақтың тозуына жол бермеу үшін енгізілген.
Сонымен қатар жалпы ауданы 56 мың гектардан асатын жер учаскелеріне қатысты 15 материал тиісті тексеру жүргізу және шара қабылдау үшін Павлодар облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды.
2,5 МЫҢ ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде кадастрлық құны 18 миллион теңгеден асатын 2 531,2 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қайтарылған жерлер Ертіс ауданының арнайы жер қорына енгізілді. Алдағы уақытта бұл учаскелер заңнамада белгіленген тәртіппен шаруа және фермер қожалықтарын жүргізуге ниетті азаматтарға берілмек.