Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің Telegram-арнасында қатаң мәлімдеме жасап, Украинаға қару-жарақ жеткізіп, барлау мәліметтерін бөлісіп және өзге де қолдау көрсетіп отырған елдерге әскери соққы жасауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қадыровтың айтуынша, шешен бөлімшелері Ресей президенті Владимир Путиннің кез келген бұйрығын орындауға дайын.
– Оқ жаудыратын уақыт келді, болды! – деп жазды ол.
Қадыровтың пікірінше, ең алдымен Украинаға «НАТО атауын жамылып, еш қысылмастан ашық әрі астам түрде қару-жарақ, барлау деректері мен өзге де қолдау көрсетіп отырған» мемлекеттерге қарсы әрекет ету қажет.
Ол бұл елдер Мәскеудің ұстанымын түсінбесе, енді оны сөзбен емес, күшпен түсіндіру керек деп мәлімдеді.
– Тротилдің иісін сезіп, «Калашниковтың» гүрсілін және Т-90 танктерінің сартылын естігенде бәрін түсініп, ақиқатқа келеді, – деді Қадыров.
Сондай-ақ ол Ресей қазіргі таңда «бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды барынша азайта отырып, жұмсақ әскери қимылдар жүргізіп жатыр» деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, жағдай өзгерсе, «Батыс елдерінің барлық көшбасшыcs кешірім сұрау үшін кезекке тұрады».
Қадыровтың бұл мәлімдемесі Украина Ресейдің орталық өңірлеріне бірқатар шабуыл жасағаннан кейін жарияланды.
Сенбіге қараған түні дрондар Тамбов облысындағы және Мәскеу облысының Электросталь қаласы маңындағы Wildberries компаниясының екі қоймасына, сондай-ақ Мәскеу облысының Ногинск қаласындағы мұнай базасына шабуыл жасады.
Ресей билігінің мәліметінше, Тамбов облысындағы Котовск қаласында компанияның жеті қызметкері қаза тауып, тағы 25 адам жараланған. Электростальда бір адам көз жұмып, 37 адам зардап шекті, оның сегізінің жағдайы ауыр. Ногинскіде тағы екі адам жараланған.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕДІ?
Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдарды растады. Оның айтуынша, Мәскеу және Тамбов облыстарындағы екі ірі логистикалық нысан мен бір мұнай инфрақұрылымы нысанына соққы жасалған.
Зеленскийдің сөзінше, бұл нысандар санкция салынған компоненттерді жеткізуге, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары мен навигациялық жабдықтар өндіруге пайдаланылған.
Ол аталған шабуылдарды Ресейдің Украинаның азаматтық инфрақұрылымына жасаған соққыларына жауап деп атады.
Кейінгі айларда Украина Ресейдің өнеркәсіптік және энергетикалық нысандарына, әсіресе мұнай базалары мен мұнай өңдеу зауыттарына алыс қашықтықтан тұрақты түрде соққы жасап келеді. Өз кезегінде Ресей Украинадағы логистикалық инфрақұрылымға, оның ішінде Nova Poshta жеткізу қызметінің нысандарына шабуылдарын жалғастырып отыр.