Алматыдағы Altyn City тұрғындары жолды жауып тастады

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Алматыдағы Altyn City тұрғын үй кешенінің тұрғындары көшеге шығып, жолды жапты. Тұрғындардың айтуынша, олар екінші тәулік қатарынан жарықсыз отыр. Электр қуатының жиі өшуі – бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Тұрғындар басқарушы компанияға бірнеше рет шағым түсіргенімен, мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Аптап ыстық кезінде электр қуатының кезекті рет өшуі тұрғындардың наразылығын күшейтіп, олар қарсылық ретінде жолды жапқан.

Оқиға орнына көп адам жиналып, олардың арасында сөзге келіп қалғандар да болды. Жолда кептеліс пайда болып, жүргізушілер наразылық білдірді. Кейін оқиға орнына полиция келіп, қоғамдық орында тәртіп сақтауды ескертті.

– Altyn City тұрғындары екінші тәулік бойы жарықсыз отыр. Мұндай ыстықта кондиционерсіз, тоңазытқышсыз, ыстық сусыз қалдық. Жағдайды жеке бақылауыңызға алып, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруді сұраймыз. Мыңдаған тұрғын қиын жағдайда қалды, – деді жиналғандар.

Белгілі болғандай, тұрғын үй кешені әлі күнге дейін уақытша электр желілеріне қосылған. Бұл желілер әлі күнге дейін қала балансына берілмеген. Кешенде жалпы саны 1,5 мың пәтер бар.

– Былтыр бұл мәселені бақылауға алып, электр желілерін қала балансына өткізу жөнінде тапсырма берілген еді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сондай-ақ шамамен 1 600 пәтерді жылумен қамтамасыз ететін қазандық мәселесі де шешілмеді. Жақында үлкен мектеп ашылады. Егер мәселе шешілмесе, оқу жылы кезінде де электр қуаты үзіле беруі мүмкін. Осы жағдайды жеке бақылауыңызға алып, көмек көрсетуді сұраймыз, – деп қала билігіне үндеу жасады тұрғындар.

Әлеуметтік желілердегі бейнежазбаға пікір қалдырғандар мұндай мәселелер Алматының басқа аудандарында да кездесетінін жазған.

Altyn City тұрғын үй кешеніндегі мәселелер бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін тұрғындар жертөленің су басуы, жылу, ыстық су мен электр қуатының жиі өшуі, аумақтың уақытылы тазаланбауы, құрылыс қалдықтарының жиналуы және егеуқұйрықтардың көбеюі туралы бірнеше рет шағымданған.

Сонымен қатар, пәтер иелері басқарушы компанияның қаржылық есептілігінің ашық еместігін, аулалардың дұрыс күтіп ұсталмайтынын, көгалдардың қурап қалғанын және абаттандыру жұмыстарының сапасыз екенін де айтқан.

БҰҒАН ДЕЙІН ӘКІМДІК НЕ ДЕГЕН ЕДІ?

Былтыр Түрксіб ауданы әкімінің аппараты тұрғын үй кешені уақытша бір ғана қосалқы станцияға қосылғанын мәлімдеген. Ұзақ уақытқа жарық өшкен жағдайда кешенді қолмен резервтік желіге ауыстыруға болады.

Әкімдік мәліметінше, мәселе толықтай "Тұздыбастау" жаңа қосалқы станциясы іске қосылғаннан кейін шешіледі. Сол кезде тұрғын үй кешені тұрақты электрмен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Ал егеуқұйрықтарға қатысты шағымдарға байланысты әкімдік дератизация жұмыстарын тұрғындардың өзі немесе басқарушы компания жүргізуге міндетті екенін хабарлаған. Бұған дейін кешенде кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген.

Құрылыс қалдықтарына қатысты шағымдардан кейін аудандық қызметтер тексеру өткізіп, заңбұзушылықтарды растаған. Соның нәтижесінде басқарушы компания қалдықтарды уақытында шығармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.