«Жантүршігерлік айғақтар көп» – Нұрай Серікбайдың отбасы

Ulysmedia
ашық дереккөз

Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесін барынша ашық өткізу талап етілді. Марқұмның отбасы атынан қатысып отырған адвокат Аянхан Омаров БАҚ өкілдерінің қатысуына және сот отырыстарын тікелей эфирде көрсетуге рұқсат беруді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Осындай жағдайға тап болған кезде адам өзінің құқықтарын қалай қорғауы керек, қай органдарға жүгіну қажет, қандай дәлелдемелер жинау керек, тергеу қалай жүреді, сот процесінде қандай құқықтар бар – халық осыны білсе екен деген ойдамыз. Әрине, Нұрай қызымыз кетті, оны ешкім қайтара алмайды. Еліміздегі ешбір отбасы мұндай жағдайға тап болмасын деген мақсатпен, алдын алу үшін ғана Нұрайдың отбасының талабын жеткізіп отырмыз, – деді адвокат.

Оның айтуынша, қорғау тарапы істің тергеу аяқталғанға дейінгі бөлігімен танысқан. Алайда іс прокурорға жолданып, сотқа түскеннен кейінгі бірқатар материалдарды әлі толық көрмеген.

– Біз істің прокурорға жолдағанға дейінгі бөлігімен таныстық. Барлық көшірмесі бар. Бірақ іс прокурорға жіберілгеннен кейін сотқа түскен материалдармен танысқан жоқпыз. Оның ішінде айыптау актісі, істің сотқа жолданатын құжаттары және тергеушінің тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы есебі бар. Осы үш құжатпен танысуым керек. Сот оған мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Аянхан Омаров.

Ал Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай іс бойынша барлық дәлелдер жиналғанын айтып, отбасы әділ шешім күтетінін жеткізді.

– Бізде бүкіл дәлел бар, бүкіл материал жиналған. Тек сот процесін күтіп отырмыз және әділ шешімді күтіп отырмыз. Іс созылып кетті. Жеті ай болды. Жеті айда не көрмедік. Бәрін сот процесінде толық айтып өтеміз. Сіздер толық ақпаратты естіген кезде шок боласыздар. Өйткені жантүршігерлік айғақтар көп, – деді ол.

Сұлтан Серікбай сондай-ақ қарсы тарапта төрт адвокат бар екенін атап өтті.

– Ол жақ тарапта төрт адвокат бар. Төрт адвокатты асырау оңай емес, – деді Нұрайдың ағасы.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша алдын ала тыңдау өтпегені хабарланған еді. Судья Саммидин Темірәлиев отырысты кейінге қалдырған. Бұған сотталушының адвокаты қорғауындағы азаматтың денсаулығы нашар екенін айтуы себеп болған.

Сондай-ақ 28 жастағы Шерхан Аймаханның қорғаушысы істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұраған.

Сотталушыға аса қатыгездікпен адам өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр.

Қайғылы жағдай 11 қаңтар күні кешке Шымкентте болған. Тергеу мәліметінше, Нұрай Серікбай үйінен дүкенге шыққан. Сол жерде оны танысы күтіп тұрған. Ер адам қызды күшпен ұстап, бірнеше рет пышақ жарақатын салғаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.