Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Байжановтың бостандыққа шығуына қатысты түсінік берді. Ведомствоның Ulysmedia.kz тілшісіне хабарлауынша, ол түрмеден шыққаннан кейін де пробациялық бақылау мен әкімшілік қадағалауда болады.
МӘН-ЖАЙ
Комитеттің мәліметінше, Бақытжан Байжанов «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде босатылған.
– Сот бұл мәселені қараған кезде Байжановтың жазасының өтелмеген бөлігі – 3 ай 18 күн. Сонымен қатар сот қаулысымен оған алты жыл мерзімге пробациялық бақылау және әкімшілік қадағалау белгіленді, – деп хабарлады комитет.
АДВОКАТ НЕ ДЕДІ?
Бұған дейін адвокат Ғазиз Ынтықбаев соттың Байжановты дереу босату туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Оның сөзінше, сот отырысы өткен күні-ақ Байжанов отбасына оралған.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталып, бастапқыда 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін оның жазасы рақымшылыққа байланысты қысқартылды.
Осы іс бойынша бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл мамыр айында кассациялық сот Байжановтың жазасын жеңілдету туралы қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырған. Қорғаушылар жазаның қалған бөлігін қысқартуды немесе шартты жазаға ауыстыруды сұраған еді.