Қарағанды облысының тұрғыны көршісінің алтын бұйымдарын ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі 2,8 миллион теңге, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
polisia.kz-ның хабарлауынша, 13 тамызда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Полиция басқармасына елді мекендердің бірінен 26 жастағы тұрғынынан арыз келіп түскен. Ол бір тәулік үйінде болмағанын, сол кезде жер үйіне әлдекім терезеден кіріп, алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін айтқан. Келтірілген шығын көлемі – 2,8 миллион теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға болған жерді тексерген полицейлер үй ішіндегі заттар өз орнында тұрғанына назар аударған. Демек, ұрлықшы атын бұйымдардың қай жерде тұрғанын жақсы білген.
23 қыркүйекте криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол зардап шегішінің 37 жастағы көршісі болып шықты. Ол жасаған қылмысын мойындады. Айғақты заттың бір бөлігі тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.