21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде марқұмның әкесі сөз сөйледі. Ол сотталушы Шерхан Аймахан туралы пікір білдіріп қана қоймай, отбасының бұған дейін полиция мен прокуратураға бірнеше рет жүгінгенін еске салды. Оның айтуынша, жақындарының арыздарына дер кезінде тиісті шара қолданылғанда, бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ол ешкіммен ұрыса да алмайтын»
Нұрайдың әкесі сотталушы Шерхан Аймаханның соттағы мәлімдемесін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұған дейін Шерхан Аймахан жауап беру барысында Нұрайдың алдымен өзіне пышақ сұққанын, содан кейін аффект күйіне түсіп, одан кейінгі оқиғаларды есіне түсіре алмайтынын айтқан еді. Алайда марқұмның әкесі мұндай әрекет қызының болмысына мүлде жат екенін айтып, Нұрайдың ешқашан жанжал іздемейтін, өте мейірімді әрі биязы мінезді болғанын атап өтті.
– Ол өзін ер азамат деп атауға да лайық емес. Онда адамшылықтың нышаны жоқ. Мен аудандық полиция бөліміне де, прокуратураға да бірнеше рет арыз-шағым түсірдім. Егер сол кезде тиісті органдар ең болмаса қандай да бір шара қабылдағанда, мұндай қасіретке жол берілмес еді. Нұрай өте нәзік, тәрбиелі қыз болатын. Қандай пышақ туралы айтып отыр? Ол тіпті құрбыларымен де ұрысып көрмеген. Қаласаңыздар, құрбыларынан сұраңыздар. Ол ешкіммен араздасып, жанжал шығармайтын. Тіпті бізге де ешқашан қарсы сөз айтқан емес, – деді Нұрайдың әкесі сот отырысында.
Полицияға қатысты сұрақ көп
Нұрайдың әкесі полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты өкпе-назын алғаш рет сотта айтқан жоқ. Оның сөзінше, отбасы қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын-ақ полиция мен прокуратурадан көмек сұрап, бірнеше рет жүгінген.
2025 жылдың күзінде Шерхан Аймахан Нұрайды Алматыдан Шымкентке күштеп алып кетіп, оған үйленуге мәжбүрлемек болған. Осы оқиғадан кейін отбасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп, құқық қорғау органдарына бірнеше мәрте арыз жазған.
Алайда туыстарының айтуынша, қызды алып қашу фактісі бойынша берілген арыздар тиісті тәртіппен тіркелмеген. Ал осы уақыт ішінде Шерхан Аймахан Нұрайды қудалауын тоқтатпай, оған және құрбыларына хабарламалар жіберіп, қайта-қайта қоңырау шалып, қорқытып жүрген.
Кейін әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері түсірген бейнежазба тарады. Онда Нұрай Аймаханның көлігіне өз еркімен отырғанын, өзін ешкім алып қашпағанын және оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.
Алайда марқұмның жақындары бұл бейнежазбаның қандай жағдайда түсірілгеніне күмән келтіріп, Нұрайдың мұндай түсініктемені қандай жағдайда бергені жан-жақты тексерілуге тиіс екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар полиция қызметкерінің бұл жазбаны жариялауға заң жүзінде құқығы болмағанын алға тартты.
Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді, ал Бас прокуратураға істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі мұқият тексеруді тапсырды.
Кейіннен Шымкент полиция департаментінің басшылығы қызметінен босатылып, бірнеше полиция қызметкері жұмыстан шығарылды.
Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі қызметтік салғырттық фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында Нұрайдың отбасы бірнеше мәрте жасаған арыз-шағымдарға не себепті дер кезінде тиісті шара қолданылмағаны анықталмақ.