Атырауда полиция қызметкерлері қала әкімдігі ғимаратының маңында балаларға арналған көлікке байланысты болған оқиғадан кейін жасөспірімді бөлімшеге жеткізді. Полиция өкілдері не болғанын және кәмелетке толмаған баланың неліктен ұсталғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Полиция департаментінің мәліметінше, 31 шілдеде кешке қала тұрғындарынан әкімдік алдындағы алаңда балалар көліктерін заңсыз жалға беру дерегі бойынша шағым түскен. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Оқиға орнына учаскелік инспекторлар мен қала әкімдігінің қызметкерлері барған. Тексеру кезінде балаларға арналған жеті электрмобиль тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды.
Қазір құқық қорғау органдары жалға беру қызметінің заңды жұмыс істеп-істемегенін анықтап жатыр.
Жасөспірім неге полицияға жеткізілді?
Полицияның хабарлауынша, көліктерді тиеу кезінде жасөспірімдердің бірі электрмобильге отырып алып, қызметкерлердің заңды талабын орындаудан бас тартқан.
Сондай-ақ, оның сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз қоғамдық орында жүргені белгілі болды.
Кейін жасөспірім қалалық полиция басқармасына жеткізілді.
Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, бала тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамағаны және жасөспірімнің түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жерде жүргені үшін хаттама толтырылды.
Полиция тексеру аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің пішіні Porsche көлігіне ұқсайтын ашық жасыл түсті балалар электромобилінде отырған жасөспірімді ұстап жатқан видеосы тараған еді.