Бүгін сот залында жағдай ушығып кетті. Сот отырысында бұрынғы тергеуші, сондай-ақ сотталушы Шерхан Аймаханның ата-анасы, әпкесі мен туысы жауап берді. Алайда тараптардың сөз таласы мен марқұм Нұрайдың жақындарының қарсылығына байланысты сот отырысы бірнеше рет шиеленісті. Әрбір мәлімдемеден кейін қаза тапқан қыздың отбасы өз наразылығын білдіріп, эмоцияға ерік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ол қыздың барлық құрбысын қорқытқан»
Алғашқылардың бірі болып Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Артықбай Әбілғазы жауап берді. Одан Нұрайдың ұрланғаны туралы нұсқаға қатысты сұрақ қойылды.
Тергеушінің айтуынша, Нұрай мен Шерхан шамамен үш ай қарым-қатынаста болған. Бұл сөздер марқұмның отбасында бірден сұрақ туғызды. Бұған дейін Нұрайдың ағасы қыз бен сотталушы арасында ешқандай романтикалық қарым-қатынас болмағанын үзілді-кесілді айтқан еді.
Одан кейін сотта Шерханның әкесі Алмахан Мәкеновтен жауап алынды. Сол кезде марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек оған тіл қатты.
Ол қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет Шерханның Нұрайды аңдып жүргеніне байланысты баласымен сөйлесуін сұрағанын айтты.
— Ұлың енді менің қызыма жоламайды деп уәде бергенсің. Бірақ кейін ол менің үйімнің жанында көліктің ішінде отырған. Мен саған тіпті суретін де жібергенмін. Ол қызымның барлық құрбысын қорқытқан. Сол кезде мен сенен: «Ұлыңды тыйшы», — деп сұрағанмын.
Сотталушының әкесі сабырлы түрде жауап берді.
— Айтқан да шығарсыз, бірақ мен бәрібір бұл мәселені толық шеше алмас едім.
«Ұялмайсың ба?»
Алмахан Мәкенов ұлы туралы айта бастағанда, сот залындағы ахуал одан әрі ушығып кетті.
Оның сөзінше, Шерхан суық қаруға ешқашан қызықпаған, пышақ жинамаған. Ал қайғылы оқиға болған күні Нұрай олардың үйіне өзі келген және көңіл-күйі жақсы болған.
Бұл сөздер марқұмның отбасының наразылығын туғызды.
Бауыржан Сағымбектің айтуынша, жағдай мүлде басқаша өрбіген. Оның сөзінше, қызын күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен.
Оның пікірінше, полиция отбасының арыз-шағымдарына дер кезінде назар аударғанда және Шерханның ата-анасы ұлының әрекетіне ертерек мән бергенде, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Осыдан кейін марқұмның әкесі Алмахан Мәкеновке бұрылып:
— Ұялмайсың ба? — деп сұрады.
Үзілістен кейін де эмоция басылмады
Осыдан кейін судья үзіліс жариялады. Алайда сот залының сыртында да жағдай тынышталмады.
Дәлізде Нұрайдың анасы сотталушының туыстарына тіл қатты. Көзіне жас алған әйел Шерханның отбасы әлі күнге дейін қызын ұрлау фактісін мойындамай отырғанын айтты.
Сотталушының туыстары оған жауап бермеді.
Контекст
Еске салайық, бұған дейінгі сот отырысында прокурор айыптау актісін толық оқыған еді.
Тергеу мәліметінше, сотталушы кісі өлтіргенге дейін Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдыған. Шерхан Аймахан қызды бұрын ұрлап әкетіп, оны өз үйіне алып барған және некеге тұруға мәжбүрлемек болған деп айыпталып отыр. Қыздың туыстары полицияға хабарласқаннан кейін үйлену тойы өтпей қалған.
Тергеу нұсқасы бойынша, содан кейін ер адам қызды аңдуын жалғастырған: үйінің маңында күтіп жүрген және оған үнемі қоңырау шалған. Бір күні оның нөміріне 76 рет қоңырау шалған.
Айыптау актісіне қарағанда, 11 қаңтарда Аймахан пышақты алдын ала дайындаған. Алдымен Нұрайға бес-алты рет соққы жасаған. Қыздың айқайын естіген куәгер келген. Ер адам бірнеше метр жерге шегінгенімен, кейін оралып, жерде жатқан қызға қайтадан пышақ сұққан.
Нұрайға 35 рет пышақпен жарақат салған.
Шерхан Аймаханға адам ұрлау, өлтіремін немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр.