Нұрай Серікбайдың өлімі: сотта марқұмның анасы айыпталушының туыстарына қарғыс айтты

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты кезекті сот отырысындағы ең ауыр сәттердің бірі үзіліс жарияланғаннан кейін болды. Сотта айтылған жайттарға төзе алмаған марқұмның анасы көз жасына ерік беріп, сот ғимаратының фойесінде айыпталушы Шерхан Аймаханның туыстарына қарғыс айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нұрайдың ұрлануына қатысты дау

Бұл күні сотта Нұрайдың Шерхан Аймаханның отбасына тиесілі үйге қалай барғаны қайта талқыланды.

Айыпталушының туыстары қыздың жас жігіттің үйіне өз еркімен барғанын айтты. Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

Туыстарының сөзінше, Нұрайды күшпен көлікке отырғызып, еркінен тыс алып кеткен және оны тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болған.

Сотта айыпталушының туысынан жауап алу кезінде марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров оған бір сұрақты бірнеше рет қойды:

- Егер қорғау тарапы айтқандай, Нұрай ол үйге өз еркімен барса, онда одан неге келісім бергені туралы қолхат талап етілді?

Куәгер мұндай қолхат «солай болуы керек болғандықтан» қажет екенін айтты.

Осы сөздерден кейін Нұрайдың анасының жағдайы күрт нашарлады. Қызының тұрмысқа шығуға келісім бергені туралы айтылғанды естіген сәтте, ол сот залында көз жасына ерік беріп, еңіреп жылап жіберді.

«Ұлыңның «псих» екенін білдің»

Үзіліс жарияланғаннан кейін процеске қатысушылар баспалдақпен түсіп келе жатқанда, Нұрайдың анасы көз жасын тоқтата алмады.

Туыстары әйелді сот ғимаратынан алып кетуге тырысқанымен, ол қарсылық көрсетіп, айыпталушының анасына қарап айқайлады.

— Қарабеттер! Өле қалыңдар! Төрт балаңды жерле! Білдің балаңның сондай бәле екенін. Сатып алғансың сен бәрін. (...) Қарғыс атсын сені. Балаңның псих екенін біліп тұрып, менің қызыммен қоспақшы болдыңдар. Менің қызым сенің балаңның теңі емес, — деді ол.

Осы кезде марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай анасын тыныштандырып, сот ғимаратынан алып шығуға тырысты. Алайда әйел қарсылық танытып, айыпталушының туыстарына қарғыс айтуды жалғастырды.

Айыпталушының отбасы үндемеді

Ал Шерхан Аймаханның анасы ештеңе айтпады. Ол Нұрайдың анасына теріс қарап тұрып, оның сөздеріне жауап бермеді.

Айыпталушының басқа туыстары да үнсіз қалды. Тек айыпталушының адвокаттарының бірі ақырын ғана:

— Қарғамаңыз... Қарғамаңыз. Бұл жақсы емес, — деді.

Алайда бұл сөз қызынан айырылған әйелді тоқтата алмады.

Сот жалғасып жатыр

Шерхан Аймаханға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оған Нұрай Серікбайды ұрлады, өлтіремін деп қорқытты және аса қатыгездікпен өлтірді деген айыптар тағылған. Айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр.