Елімізде күн қайта ысып, ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі

Ulysmedia
Pixabay.com

Қазақстанға аптап ыстық қайта күшейеді. Алдағы күндері еліміздің кей өңірлерінде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілсе, кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, салқын болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ираннан жылы ауа келеді

8-10 тамыз аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауқымды антициклон әсерінен күн райы құрғақ әрі ыстық болады.

Қазгидрометтің болжамынша, Иран аумағынан келетін жылы ауа массалары кезекті аптап ыстық толқынын алып келеді.

Солтүстік пен шығыста ауа температурасы 35-39 градусқа дейін, оңтүстікте 35-41 градусқа дейін көтеріледі. Батыс пен орталықта одан да ыстық болып, ауа температурасы 36-41 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Қай өңірлерде жаңбыр жауады?

Кезеңнің соңына қарай батыс және солтүстік-батыс өңірлерде ауа райы өзгере бастайды. Циклонның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.

Шығыста кезеңнің алғашқы күндерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында мұндай ауа райы үш күн бойы сақталуы ықтимал.