Қазақстанда 57 ковидті стационар жабылды

Аян Өрібай

57 стационардағы 25 мың орындық төсек орын таратылды. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Министрдің айтуынша, бүкіл әлемде коронавирус инфекциясын пандемия басталғалы 230 млн адам жұқтырған. Қазіргі уақытта күніне індет жұқтыру деңгейі әлем деңгейінде орташа есеппен – 300 мың адам. Індет бүгінге дейін 4,7 млн адамның өмірін қиған. Соңғы екі аптада 22 елде ауру жұқтырудың өсімі байқалады.

«Қазақстанда тамыздың ортасынан бері эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. «Қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары болса, «сары» аймақта Шымкент қаласы, Атырау, Алматы,  Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан,  Шығыс Қазақстан облыстары бар. Ал «жасыл» аймақта Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары орналасқан», - деді Алексей Цой.

Министр сонымен қатар Қазақстанда 23 тамыздан бастап коронавирусты жұқтырғандардан гөрі жазылғандардың саны артқанын мәлім етті.

«Республикада 57 ковидті стационар (25 мың орын) жабылды. Аймақтар вакцинамен жеткілікті еңгейде қамтылған. 15 тамыздан бастап елде тұмауға қарсы вакциналау басталды. 2 млн 526 мың доза тұмау вакцинасы сатып алынды. Жалпы халықтың 13 пайызын қамтуды көздеп отырмыз. ДДСҰ кеңесі бұл бағытта – 10 пайыз. Бүнгінгі таңда 277 мың адам тұмауға қарсы екпе алып үлгерді», - деді министр.