Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста шабуыл сәті түсірілген кадрлар көрсетіліп, сот-медициналық сарапшы марқұмның денесіндегі 35 жарақат туралы айтып берді. Сот залында Нұрайдың туыстары көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Сотта Шерхан Аймаханның тергеу кезінде берген алғашқы жауаптары жарияланды. Ол Нұрайға пышақпен 7-8 рет соққы жасағанын ғана есіне түсіретінін айтқан.
Бұған дейін Аймахан сотта Нұрайдың өзіне бірінші болып пышақ сұққанын мәлімдеген. Алайда оның алғашқы жауабында өзі көрсеткен жердегі жарақатты өзіне өзі салғаны айтылған. Тергеуші одан Нұрайға не себепті пышақ сұққанын сұрағанда, айыпталушы нақты себебін білмейтінін жеткізген.
Сондай-ақ айыпталушы пайдаланған пышақтан Нұрайдың қаны табылған. Судья бұл жағдайды қалай түсіндіретінін сұрағанда, Аймахан біраз үнсіздіктен кейін:
– Нұрайды аффект жағдайында өлтіргенімді мойындаймын, – деген.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров оның нақты нені мойындағанын сұрағанымен, айыпталушы жауап бермеген.
Сотта Аймахан пайдаланған екі пышақ та көрсетілді. Сараптама оларды суық қаруға жатқызбаған. Алайда Нұрайдың отбасының адвокаты бұл пышақтар адам өлтіруге жарамсыз дегенді білдірмейтінін айтты.
Нұрайдың денесінде 35 жарақат болған
Сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков марқұмның денесіндегі жарақаттарға қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, Нұрайдың барлық 35 жарақаты көзі тірісінде салынған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7-8 сантиметрге жеткен.
Нұрайдың туыстары сот залында оның денесінің суреттерін көрсетпеу үшін манекен әкелген. Пышақ тиген жерлер манекенде қызыл түспен белгіленді. Сарапшы жарақаттарды сипаттап жатқанда, марқұмның жақындары жылап отырды.
Сотта жәбірленуші тарап Нұрайдың отбасы талап етіп отырған өтемақы көлемін де жариялады. Олар моральдық зиян үшін 10 млрд теңге, материалдық шығын үшін 14 млн теңге талап етті.
Соттағы жарыссөз 11 тамызға белгіленген.
Іс бойынша не белгілі?
Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды өлтіргенге дейін оны аңдыған. Айыптаушы тараптың мәліметінше, Аймахан бұған дейін қызды ұрлап, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болған. Алайда Нұрайдың туыстары араласқаннан кейін үйлену тойы өтпеген.
Соған қарамастан, сотталушы қызды аңди берген. Бір күні Аймахан Нұрайға 76 рет қоңырау соққан.
Шерхан Аймаханға адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша айып тағылған. Нұрайдың отбасы оған барынша қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр.