Түркия Ресей мен Украинаға Қара теңіздегі кемелерге шабуылды уақытша тоқтатуды ұсынды. Анкара бұл бастаманы екі тарапқа да жеткізіп, енді олардың жауабын күтіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Бұл туралы Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ұсыныс ең алдымен азаматтық кеме қатынасына төнетін қауіптің күшеюіне байланысты жасалған.
Фиданның сөзінше, Анкара Мәскеу мен Киевке кемелерге жасалатын шабуылдарды тоқтатуға мүмкіндік беретін арнайы тетік құруды ұсынған. Ол мұндай бастамаға Украина тарапы да қызығушылық танытқанын айтты.
Түркия министрі Қара теңіздегі соғыс қимылдары коммерциялық тасымалға барған сайын көбірек әсер етіп отырғанын атап өтті.
«Түркияға тиесілі кемелерге, сондай-ақ, иесі немесе экипажы түрік азаматтары саналатын кемелерге шабуыл жасалып жатыр. Бұл біз үшін елеулі мәселеге айналды», — деді Фидан.
Шабуылдардан кейін түрік теңізшілері зардап шекті
Сауда кемелеріне жасалған бірнеше шабуылдан кейін Түркия қақтығыс тараптарына қысымды күшейтті.
4 тамызда Түркияның Сыртқы істер министрлігі түрік компанияларына тиесілі екі кемеге дрондармен шабуыл жасалғанын хабарлады. Соның салдарынан экипаж мүшелері, оның ішінде Түркия азаматтары да зардап шеккен.
Осыдан кейін Анкара Ресей мен Украинаны азаматтық тасымалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдауға тағы да шақырды.
Түркия билігі жағдай одан әрі ушықса, оның салдары тек кеме қатынасына ғана емес, азық-түлік жеткізіліміне де тиетінін ескертті.
Қауіптің күшеюіне байланысты Түркия Қара теңіздегі коммерциялық кеме қатынасына да бірқатар шектеу енгізді.