Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі Habertürk телеарнасына сілтеме жасап.
Шанлыурфа аймағында 8 адам қамауға алынды. Оған жер сілкінісі кезінде қираған ғимараттар құрылысынан анықталған олқылықтар себеп болып отыр.
Бұған дейін Хатай қаласында жер сілкінісі кезінде құлаған Rönesans Rezidans тұрғын үй кешенінің сәулетшісі Мехмет Яшар Джошкунның Ыстанбұл әуежайында ұсталғаны хабарланды. Жергілікті БАҚ мәлім еткендей, ол шетелге қашпақ болған.
Сондай-ақ, «Анадолу» агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, зілзаладан зардап шеккен провинцияларда жер сілкінісіне қатысты қылмыстарды тергеу жөніндегі бөлімдер құрылады.
Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияда жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 4:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде де сезілді. Жаңартылған мәліметке сенсек, Түркияда жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 21 мыңнан асқан, халықтың 80 мыңы жараланды.