Қазақстан жолдарына жүргізушісіз көліктер шығады. Елде үш жылға созылатын эксперимент басталып, жасанды интеллектпен басқарылатын көліктер жабық полигондардан шығып, қалалық жолдардағы жалпы қозғалысқа қосылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жүргізушісіз көліктерді қайдан көруге болады?
Жобаны бастау туралы бірлескен бұйрыққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Көлік министрлігінің басшылары қол қойды. Сынақ жұмыстары Астана, Алматы және Қосшы қалаларында өтеді.
Жүргізушісіз көліктер алдын ала бекітілген қатаң белгіленген бағыттармен жүреді. Компаниялардың жобаға қатысуы ерікті болғанымен, Цифрлық даму министрлігінің іріктеуінен өту оңай болмайды. Яғни кез келген компания өз алгоритмін әзірлеп, көлігін қала көшелеріне шығара алмайды.
Сонымен қатар көлік толықтай жасанды интеллектінің басқаруына берілмейді. Оның әрбір әрекетін нақты уақыт режимінде қашықтан жұмыс істейтін оператор бақылап отырады.
60 млн теңгелік сақтандыру және жол апаты болған жағдайда 30 минут ішінде жету талабы
Экспериментте айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Сондықтан әзірлеуші компанияларға бірқатар қатаң талап қойылады.
60 млн теңгелік сақтандыру полисі. Әрбір жүргізушісіз көліктің адам өміріне, денсаулығына немесе өзге біреудің мүлкіне зиян келтірілген жағдайда өтемақы төлеуге арналған 60 млн теңге көлеміндегі сақтандыруы болуы керек.
Жол апатын 30 минут ішінде тексеру. Егер жүргізушісіз көлік жол апатына түссе, компания өкілі оқиға орнына 30 минут ішінде жетіп, көлік камераларының соқтығысқа дейінгі және одан кейінгі үздіксіз бейнежазбасын полицияға дереу ұсынуы тиіс.
Әзірге робот көліктердің жаппай жолға шығуы туралы сөз жоқ. Бұл – Қазақстандағы жол қозғалысының жасанды интеллект технологияларына қаншалықты дайын екенін анықтауға бағытталған, қатаң бақылауда өтетін сынақ.