Шымкент іргесінде жантүршігерлік жол апатынан бір әулеттің үш адамы қаза тапты

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Шымкент іргесінде болған жантүршігерлік жол апатынан бір әулеттің үш адамы қаза тапты. Қайғылы оқиға жақындарының көз алдында болған. Жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, салдарынан 44 жастағы әйел, оның 17 жастағы қызы және 11 жастағы жиені көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға 9 тамызда Шымкент – Бадам автожолында болған. Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, отбасы жексенбі күні Арыс қаласынан Шымкентке мектеп киімдерін алуға шыққан. Оларға Астанадан келген туыстары да еріп барған.

11 жастағы Айдостың анасы Нұрила Үсенбекова ұлын соңғы рет көрген сәтін ұмыта алмай жүр. Оның айтуынша, бастапқыда өзі де апатқа ұшыраған көлікте болған. Алайда қызы жылаған соң күйеуінің көлігіне ауысып кеткен. Ал жалғыз ұлы Айдос қайын әпкесі Гаухар Өзілбаева басқарған «Кобальтта» қалған.

– Балама қараған кезде теріс қарап отырды. Бейнесі жанарымнан кетпейді. Жалғыз ұлымнан айырылдым. Соның бастығы ма келіп, бауырым енді аз-маз шығын шығады ғой деп қойды. Ондай кезде айтатын сөз емес қой. Үш мал емес, адам өліп отыр ғой. Ұлым бөлшектеніп кетті ғой, ұлым бөлшектеніп кетті ғой. Соңғы сапарға да шығарып сала алмадым ғой. Маңдайынан иіскеп. Өте ауыр болып тұр, – дейді марқұмның анасы Нұрила Үсенбекова.

Қайғылы оқиғадан үш адамынан айырылған отбасы көліктің қатты соққыдан түгелдей дерлік қирағанын айтады.

– Көлікті ілінген жерден бастап сүйреп барған. Адамдарды алмаса өздігінен алып шығу мүмкін емес деді. Бәрі сол көліктің астынан шықты. Рөлде отырған қыздың бір қолы жұлынып кеткен дейді. Өз бүтін екен. Оның қызы да отырған ғой сол арада. Ол да орындықтың астына кіріп кеткен. Беті жоқ оның. Аяқтары сынған, қолдары сынған. Малды қағып кеткен адамнан да кешірім сұрайтын шығар? Не болды деп. Бір адам жоқ, – марқұмның әжесі Злиха Исаева.

Марқұм Айдостың әкесі Ерғали Өзілбай да жол апатының қалай болғанын өз көзімен көргенін айтады. Оның сөзінше, өзі көлікте алда, артында әпкесі келе жатқан. Бір кезде қарсы бағыттан жүк көлігі жоғары жылдамдықпен өткен.

– Бірден артына бұрылдым да, оқиға болған жерге бардым. Барсам, барлығы кетіп қалған. Біреуі де қимылдамайды. Хованың иеелері келді. Бейнежазба бар. Содан көруге болады деп. Бірақ жүргізушімен сөйлесіп, тағы бір 5 минуттың ішінде ойлары өзгеріпті. Камера істемейтін болды. Флешкасы жоқ деді. Алдында істейді деп келген. Мен естідім де оны. Бірақ ол жерде мен көрдім ғой. Тежегіш басылмаған. Оның ізі де жоқ Ховада. Жүргізуші бір сөзінде тежегіш істемей қалды деді. Екіншісінде қарай алмай қалды деді, – дейді марқұмның әкесі Ерғали Өзілбай.

Туыстарының айтуынша, марқұм, 44 жастағы Гаухар Өзілбаева көлікті жақында ғана несиеге сатып алған. Ал 17 жастағы қызы енді ғана оқуға түскен. Қайғылы оқиғаға дейін олар оқуына қажетті құжаттарын реттеп жүрген.

Полиция не дейді?

– 9 тамызда Шымкент – Бадам автожолында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өзілбай әулеті үш бірдей жақынын кеше жер қойнына тапсырған. Алайда отбасы жүк көлігінің жүргізушісі мен иесі көңіл айтуға келмегеніне наразы. Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасып жатыр.