Қазақстанда заңсыз вейп саудасы тоқтар емес: 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, вейптердің заңсыз саудасы жалғасып отыр. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз айналымның 25 дерегін тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

276 мыңнан астам вейп тәркіленді

Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Қазір осы бағытта 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Астанада 3,2 млрд теңге айналым анықталды

Астанада Қаржылық мониторинг агенттігі вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр.

Күдіктілер өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселерді пайдаланған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген.

Қылмыстық топ ізін жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттарын пайдаланған. Сатып алушыларға төлем мақсатын «тұрмыстық техника сатып алдық» деп көрсету ұсынылған. Осы шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.

Қарағандыда 30 мыңға жуық вейп тәркіленді

Қарағанды облысында Telegram арқылы вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторлары мен курьерлерді пайдаланып, заңсыз сауда жүйесін құрған.

Тінту барысында құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Сот оларды 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Ұлытауда екі адам төрт жылға сотталды

Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы сатуды ұйымдастырған екі тұрғынға үкім шықты.

Олар ақша алу және аудару үшін курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеу туралы шешім шығарды.

Агенттік ескерту жасады

Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

Агенттік заңсыз өнімнің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар екенін атап өтті. Вейптердің таралуы никотинге тәуелділіктің өсуіне және өскелең ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді.