Астанада аттан құлаған қыз бір айға жуық комада жатып, көз жұмды

Ulysmedia
abidullaevna01 парақшасынан

Астана маңындағы ат клубтарының бірінде болған оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. 33 жастағы Жазира есімді қыз аттан құлап, алған жарақатынан бір айға жуық комада жатып, 13 тамызда көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Қайғылы оқиға

Жазираның жақындары мен достарының айтуынша, ол атқа алғаш рет мініп жүрген адам болмаған, ер-тоқымда өзін жақсы ұстай білген. Алайда сол күні аттан құлағаннан кейін алған жарақаты тым ауыр болған.

Әлеуметтік желіде Жазираның таныстары қайғылы жағдайға байланысты жазба жариялап, атқа мінгенде қауіпсіздікке ерекше мән беруге шақырды.

– Әдемі видео үшін өміріңізді қатерге тікпеңіздер. Өзіңіз толық басқара алмайтын, тоқтата алмайтын атқа мінбеңіздер. Үйде ата-анаңыз бен жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыздар, – деп жазды олар.

Жазираның қайтыс болғанын туыстары да растады. Марқұмның жақындары оның 13 тамызда қайтыс болғанын жазған.

Ulysmedia.kz ат клубы орналасқан Ақмола облысының полиция департаментіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады. Полиция өкілдері жағдайды анықтайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін де аттан құлап, адамдар жарақат алған

Жазираның қазасы Астана мен қала маңындағы атпен серуендеу кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне қоғамның назарын тағы аударды. Кейінгі уақытта атқа міну кезінде ауыр жарақат алған бірнеше жағдай болған.

Мамыр айында Астана маңындағы QULATAY ат ауласында топтық серуен кезінде 20 жастағы Дінмұхамед аттан құлап, мойын омыртқасын жарақаттап алған. Оның ата-анасының айтуынша, жігіттің жұлын жүйкесі зақымданып, сал болып қалған.

Ал шілде айында астаналық Ақбота есімді қыз иығын жарақаттаған.

Екі оқиға бойынша да зардап шеккендер ат клубтары қызметкерлерінің салғырттық танытқанын және әкімшілік тарапынан тиісті көмек көрсетілмегенін айтқан.