Алматыда жарық өшіп қалды: қаладағы аухал қандай

Ulysmedia
Gov.kz

Алматыда электр қуатының уақытша өшуіне байланысты қаланың бірқатар маңызды нысандарының жұмысына әсер етті. Метро қозғалысы тоқтатылып, кей аудандарда су қысымы төмендеуі мүмкін, ал бағдаршамдардың бір бөлігі істен шықты. Қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Толығырақ

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта қаланың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, шаһардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Метро жұмысы уақытша тоқтатады

Электр қуатының өшуіне байланысты Алматы метрополитенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қуат көзі қалпына келіп, контакт рельске кернеу берілгенге дейін метро станцияларына кіруге де, шығуға да болмайды.

Метро жұмысының қашан қайта жанданатыны туралы қосымша ақпарат беріледі.

Медициналық ұйымдар резервтік қуатпен жұмыс істеп жатыр

Стационарлар мен басқа да медициналық ұйымдар үздіксіз жұмыс істеу жоспарларына сәйкес қызмет көрсетіп жатыр. Медициналық мекемелер дизель генераторлары және үздіксіз қоректендіру көздерімен жабдықталған.

Резервтік электр қуаты ең алдымен жансақтау бөлімдері, операциялық залдар, қабылдау бөлімдері, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен аса маңызды медициналық жабдықтарға беріледі. Шұғыл медициналық көмек штаттық тәртіппен көрсетілуде.

Кей аудандарда су қысымы төмендеуі мүмкін

Электр қуатының өшуіне байланысты қаланың кей аудандарында, әсіресе ғимараттардың жоғарғы қабаттарында, су қысымы уақытша төмендеп, сумен жабдықтауда іркілістер болуы мүмкін.

Әкімдік мұны электр энергиясымен жұмыс істейтін сорғы станцияларының уақытша тоқтауымен байланыстырып отыр. Электр қуаты қалпына келгеннен кейін сорғы станциялары қайта іске қосылып, су беру біртіндеп қалпына келеді.

Бағдаршамдардың бір бөлігі істен шықты

Сондай-ақ электр желілеріне тәуелді кейбір бағдаршам нысандарының жұмысы тоқтаған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол полициясының қызметкерлері бағдаршамдар уақытша жұмыс істемей тұрған учаскелерде көлік қозғалысын реттеп жатыр.

Алматы әкімдігі қалалық қызметтермен бірлесіп жағдайды бақылауда ұстап, шаһардың тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Электрмен жабдықтаудың қалпына келуі және жағдайдағы өзгерістер туралы қосымша ақпарат беріледі. Қала әкімдігі тұрғындарды сабыр сақтап, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.