Иран Ормуз бұғазын қашан ашатынын өзі шешетінін мәлімдеді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ормуз бұғазына қатысты текетірес әлі де ушығып тұр. Иран АҚШ-тан жеңілгенін мойындауды талап етіп, бұғазды қашан ашып, қашан жабатынын өзі шешетінін мәлімдеді. Ал Дональд Трамп соғыс жалғасып жатқанда америкалықтарды қымбат жанармайға көнуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Ормуз бұғазы тек Тегеранның шешімімен ашылып-жабылатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ «жеңілгенін мойындамайынша», Иран бұғазды жабық ұстауды жалғастырады.

Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де Тегеранның Вашингтонмен келіссөзге қайта оралу жөнінде әзірге шешім қабылдамағанын айтты.

Оның сөзінше, бұғаз арқылы кеме қатынасы қалыпқа келуі үшін АҚШ Иран қойған шарттарды орындауы керек.

Соғысқа дейін әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен бестен бірі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған.

Трамп: жанармайға көбірек төлеуге тура келеді

Дағдарыс салдары америкалықтарға да сезіле бастады. АҚШ-та бір галлон бензиннің орташа бағасы шамамен 4,08 долларға жеткен. Бұл былтырғыдан 29 пайыз қымбат.

Трамп ел тұрғындарын бензиннің қымбаттауына түсіністікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, бұл – Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу үшін төленетін баға.

Ол Иранды «өте қатігез ел» деп атап, АҚШ қысымды жалғастыратынын айтты.

– Біз қазірдің өзінде ауыр жеңіліске ұшырап жатқан Иранды толық жеңіп болған соң, Ормуз бұғазын көп ұзамай АҚШ аумағы деп жариялаймын, – деді Трамп.

Мұнай қайта қымбаттап жатыр

Ормуз маңындағы шиеленіс әлемдік мұнай нарығына да әсер етіп отыр.

Мұнай фьючерстері барреліне шамамен бір долларға өсті. Brent бір аптада шамамен 6 пайызға, WTI 5,4 пайызға қымбаттауға бет алған.

Бұл жағдай Иран экономикасына да салмақ түсіріп отыр.

Президент Масуд Пезешкиан елдегі инфляцияның жоғарылауын АҚШ-тың порттарға қойған шектеулерімен және мұнай экспортына салынған санкциялармен байланыстырды.