Кейінгі тәулікте Алматыда жол қозғалысы ережесін бұзудың 1 542 дерегі тіркелді. Оның 185-ін полиция өзге жол қозғалысына қатысушыларға тікелей қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылық деп бағалаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мас жүргізушілер
Бір тәулікте полиция мас күйде көлік жүргізген сегіз адамды анықтады. Тағы екі жағдайда жалған мемлекеттік нөмір қолданылған.
Қауіпті маневр жасау деректері әсіресе көп болған. Бір тәулікте мұндай 76 жағдай тіркелді. Оның ішінде жолда көліктердің арасымен ирелеңдеп жүру де бар.
Жеті жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққан. Тағы 24 адам көлік жүргізіп келе жатып телефон пайдаланған.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік белдігін тақпауға байланысты 68 заңбұзушылық тіркелді.
Тексеру қорытындысы бойынша 20 көлік арнайы тұраққа қойылды.
Контекст
Бұған дейін Ақтөбеде бір жүргізушінің үш күннің ішінде жол ережесін 33 рет бұзғаны хабарланған.