Индонезияның шығысында болған магнитудасы 7,7 жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 51-ге жетті. Тағы жүзден астам адам жарақат алды, 5 мыңға жуық тұрғын үйін тастап шығуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Ең көп зардап шеккен өңір - Шығыс Нуса-Тенгара провинциясы. Негізгі дүмпуден кейін мұнда 341-ге жуық афтершок тіркелген.
Тек Сикка ауданында 3,3 мыңнан астам адам өз бетімен қауіпсіз жерге көшкен немесе спорт аренасына орналастырылған. Көпшілік үйлеріне оралуға қорқып, түнді далада - бастырмалардың астында, верандаларда және брезент үстінде өткізіп жатыр.
Зардап шеккендердің бір бөлігі портты Маумере қаласындағы аурухана маңына тігілген шатырларда көмек алып жатыр.
Ондаған адам жарақат алды
Билік мәліметінше, 36 адам ауыр, тағы 77 адам жеңіл жарақат алған. Із-түзсіз жоғалғандардың нақты саны әзірге белгісіз.
Құтқарушылар кейбір адамдар үйінді астында қалуы мүмкін деп есептейді.
1,3 мыңнан астам үй бүлінген. Жер сілкінісінен көптеген көшкін жүріп, бірқатар елді мекенмен қатынас үзілген.
Құтқарушылар бұған дейін құрлық арқылы жету мүмкін болмаған Маумере маңындағы кейбір аудандарға бара алды.
Өңірге көмекке 3,5 мыңнан астам әскери қызметкер мен полицей жіберілген.
Жанармай құю бекеттері жарықсыз қалды
Жер сілкінісінің салдары инфрақұрылымға да әсер етті. Электр қуатының өшуінен 20 жанармай құю бекеті жұмысын тоқтатты.
Шығыс Нуса-Тенгара билігі төтенше жағдай режимін енгізуді қарастырып жатыр. Бұл апат салдарын жоюға қосымша қаржы, техника мен адам күшін жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі зілзала Индонезиядағы 2022 жылдан бергі ең көп адам қаза тапқан жер сілкінісі болды. Ол кезде Батыс Явада жүздеген адам көз жұмған еді.
Бұл өңірде 1992 жылы да ірі жер сілкінісі болған.
Индонезия Тынық мұхитындағы Отты белдеуде орналасқан. Бұл - сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақ, сондықтан мұнда күшті жер сілкіністері жиі болып тұрады.