Бақытжан Базарбек адам қағып кетті ме? Полиция жауабы

Ulysmedia
Мәжіліс

Желіде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбектің Жамбыл облысында жол апатына қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция Рысқұлов ауданында болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Telegram-арналардың бірінде кеше кешке Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені туралы жазба жарияланды.

Желіде тараған мәлімет бойынша, Toyota көлігінің тізгінінде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін.

Зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілген.

Полиция не дейді?

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың көлік жүретін бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апатынан зардап шеккен адам орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», – деді полиция өкілдері.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Материал жарияланған сәтте Бақытжан Базарбек пікір білдірген жоқ. 

Бақытжан Базарбек туралы не белгілі?

Бақытжан Базарбек – қазақстандық заңгер әрі саясаткер. 2023 жылғы наурыздан бастап VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Парламентке келгенге дейін жоғары оқу орындарында сабақ берген, түрлі компаниялардың заң бөлімдерінде жұмыс істеген, кәсіпкерлікпен айналысқан. Сондай-ақ, Bazarbek & Partners заң фирмасын құрған. Оның негізгі маманданған салаларының бірі – жер құқығы.

2012 жылы Базарбек «Әділет» партиясының атынан Мәжіліс сайлауына түскен, бірақ депутат бола алмады. 2023 жылы №5 сайлау округінен Мәжіліске сайланды.

Парламентте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамында жұмыс істеді. Оның депутаттық өкілеттігі 2026 жылғы 1 шілдеде аяқталды.