Беларусьтің екі азаматы мен литвалық альпинист Қырғызстан тауларында қаза тапты

Ulysmedia
Pixabay.com

Қырғызстанда Залай жотасындағы Курумды шыңында жоғалып кеткен үш альпинисті іздеу жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталды. 16 тамыз күні таңертең дрон олардың денесін анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандардың екеуі Беларусь азаматы, біреуі Литва азаматы болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұл туралы іздеу операциясының жетекшісі Александр Смирнов мәлімдеді. Оның айтуынша, альпинистердің денесі қар мен тастардың сырғыған аумағынан, бұған дейін олардың жабдықтары мен жеке заттары табылған жерге жақын маңнан байқалған.

Табылған заттарға қарап, құтқарушылар үш альпинистің бір арқанға байланып, бірге жүргенін анықтаған.

– Топ бөлінбеген, олар бірге болды және бірге қалды, – деп жазды Смирнов.

Не болуы мүмкін?

Дрон шамамен 5 400 метр биіктіктегі жотадан жаңа үзіліс болғанын тіркеген. Сол жерден төмен қарай кейін альпинистердің денелері табылған аумаққа дейін із созылып жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, альпинистер төмен түскен кезде тас құлап немесе қар мен тас аралас көшкін астында қалуы мүмкін. Алайда қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірше анықталған жоқ.

Қаза тапқандардың кім екені олардың денелері эвакуацияланғаннан кейін ғана түпкілікті расталуы мүмкін.

Қазір денелерді түсіру жұмыстарына тік әрі қарлы-мұзды жер бедері, тас құлауы және қар мен тастың қайта сырғу қаупі кедергі келтіріп отыр. Сондықтан құтқарушылар әзірше оқиға орнына тікелей жете алмай отыр.

Мәйіттердің табылғанын Беларусь альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясының басшысы Александр Годлевский де растады.