Геннадий Головкин Украинаның «Бітімгер» базасына енгізілді: бұған не себеп болды

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстандық боксшы, World Boxing президенті әрі Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин Украинаның «Бітімгер» сайтының базасына енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұған World Boxing ұйымының ресейлік боксшыларға қойылған шектеулерді алып тастап, олардың халықаралық турнирлерге қайтадан ұлттық туы мен әнұранымен қатысуына рұқсат беру туралы шешімі себеп болған.

Сайтта Головкин Ресейді қолдады деп айыпталған. Сонымен қатар адамның «Бітімгер» базасына енгізілуі сот шешімі немесе Украина билігінің ресми айыптауы болып есептелмейді.

Ресейлік боксшыларға туы мен әнұраны қайтарылды

Шектеулердің алынғанын бұған дейін Ресей спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Михаил Дегтярев хабарлаған.

Оның айтуынша, Ресей бокс федерациясы 2026 жылдың басында World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанған. Дегтярев сондай-ақ қаңтарда Ташкентте өткен кездесуде ресейлік спортшылардың халықаралық аренаға оралу мәселесін Головкинмен талқылағанын мәлімдеді.

Осыдан кейін ресейлік боксшылар World Boxing турнирлеріне ұлттық рәміздерімен қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл шешімнің маңызы зор. Себебі дәл осы World Boxing ұйымына Олимпиада ойындарындағы бокс жарыстарын өткізу өкілеті берілген.

Головкин World Boxing ұйымын 2025 жылы басқарды

Геннадий Головкин 2025 жылғы 23 қарашада Борис ван дер Ворсттың орнына World Boxing президенті болып сайланды. Ол бұл қызметке үш жыл мерзімге сайланған.

2024 жылғы ақпаннан бері Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін де басқарып келеді.

World Boxing 2023 жылы әуесқой бокстың жаңа халықаралық федерациясы ретінде құрылды. Ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу.

Головкин несімен танымал?

Геннадий Головкин – Қазақстанның ең танымал боксшыларының бірі. Кәсіпқой спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін ол спорттық басқару саласына ауысып, халықаралық бокстағы негізгі тұлғалардың біріне айналды.

Головкин сондай-ақ Халықаралық бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық болды. 

«Бітімгер» деген не?

«Бітімгер» – Украинадағы интернет-ресурс. Онда жоба авторлары Украинаның мүдделеріне қарсы әрекеттерге қатысы бар деп есептейтін адамдар туралы мәліметтер жарияланады.

Сайт жұмыс істеген жылдар ішінде оның базасына саясаткерлер, журналистер, қоғам белсенділері және басқа да тұлғалар енгізілген.

Ресурс жеке деректерді, оның ішінде кәмелетке толмағандардың мәліметтерін жариялағаны үшін бірнеше рет сынға ұшыраған.

Бұған дейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Айдос Сарым да «Бітімгер» базасына енгізілген. Сайтта оны Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдады және Қазақстанда Украинаны қолдауға бағытталған әрекеттерге қарсы болды деп айыптаған.