Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов, Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
Президентке экономиканың қазіргі ахуалы туралы баяндалып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, 2027-2029 жылғы республикалық бюджет параметрлері жөнінде мәлімет берілді.
Талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – аурухана, балаларды оңалту орталығы, мәдениет, спорт ғимараттары секілді инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетіп салу керек екенін айтты.
Контекст
Бұған дейін 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның республикалық бюджеті 336 млрд теңге көлемінде қаржыдан қағылғаны хабарланған еді. Түсімдер 21,4 трлн теңгені немесе жоспардың 99%-ын құрады.
Қаржы министрлігі бюджетке түсетін қаржының азаюын мұнай бағасының барреліне 75 доллардан 69 долларға дейін төмендеуімен, экспорт көлемінің қысқаруымен және 134 ірі кәсіпорыннан түсетін салық төлемдерінің азаюымен түсіндірді.
Қаржының толық түспеуіне қарамастан, трансферттерді есептемегендегі бюджеттің өз кірістері 17,5% өсіп, 15,3 трлн теңгеге жетті. Корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан (ҚҚС) түсетін түсім көлемі артқан.