Желіде Ақтаудағы бұрынғы президент резиденциясының аумағында орналасқан деген ерекше моншаның кадрлары тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл Нұрсұлтан Назарбаев пайдаланған монша болуы мүмкін деп болжап отыр. Біз көпшілік қызығушылығын тудырған нысанның шынымен резиденция аумағында орналасқан-орналаспағанын анықтап көрдік.
Бұл қандай монша?
Желіде Каспий жағалауындағы пирстің үстіне салынған, сыртқы пішіні кемеге ұқсайтын ерекше моншаның 10 суреті жарияланды. Нысан теңізге қарай созылған пирсте орналасқан.
Фотосуреттерден моншаның ішкі көрінісі де анық байқалады. Бу бөлмесінің қабырғалары ағашпен қапталған, дөңгелек иллюминатор тәрізді терезелері, баспалдақтары мен металл тұтқалары бар. Сондай-ақ кафельмен қапталған жеке бөлме көрінеді.
Ақтаулықтар бұл жерді бірден таныған. Әлеуметтік желідегі пікірлерде нысанның бұрынғы президент резиденциясының аумағында орналасқаны айтылып, жұрт оны «Назарбаевтың моншасы» деп атап кеткен.
Біз бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеру үшін аумақты дрон арқылы түсіріп көрдік. Аэрофототүсірілімнен Каспий жағалауындағы шығанақ пен пирс анық көрінеді. Ал пирстің үстінде әлеуметтік желіде тараған суреттердегі сол ерекше нысанның тұрғаны байқалады.
Қатаң күзетілетін аумақ
Бұл фотосуреттердің пайда болуының өзі қызық. Өйткені бұрынғы резиденцияның аумағы ұзақ жылдар бойы іс жүзінде жабық болды.
Каспий теңізінің жағалауындағы алып аумақ шамамен 225 гектарды алып жатыр. Қоршаудың ар жағында жолдар, ғимараттар, шығанақ, айлақтар және басқа да нысандар бар. Жергілікті тұрғындар оның ішінде нақты не бар екенін тек болжаумен келген. Журналистер де бұл аумаққа бірнеше рет кіруге тырысқан.
Осы 225 гектардың тарихы жекешелендіру, миллиардтаған қаржы және ұзақ жылдарға созылған сот процестерімен байланысты жеке сериалға сұранып тұр.
2000 жылдардың басында жағалаудың алып бөлігі мемлекеттік меншіктен кезең-кезеңімен шығарыла бастады. 2002–2004 жылдары жер телімдері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на берілді. Кейін аумақтың едәуір бөлігі ондағы құрылыстарымен бірге «Oil Real Estate» ЖШС-нің меншігіне өтті.
Алайда тарих мұнымен аяқталған жоқ. Арада жиырма жылға жуық уақыт өткен соң мемлекет бұл мәмілені қайта қарауға шешім қабылдады.
2023 жылы сот жерді беру заңсыз деп таныды. Сот талқылауы барысында жер телімдерін рәсімдеу кезінде жер комиссиясының қорытындысы мен жерге орналастыру жобасы болмағаны анықталды. Сонымен қатар жер заңда көзделген рәсімдер мен сауда-саттықсыз берілген.
Осылайша Каспий жағалауындағы «қызықты» аумақ мемлекетке қайтарылды.
Назарбаев мұнда президенттерді қабылдаған
Бұл жер теңіз жағасындағы жай ғана үлкен аумақ емес еді. Қазақстанның бұрынғы президенті бұл жерде жиі болған.
Мәселен, 2002 жылғы 6 шілдеде, өзінің 62 жасқа толған туған күнінде Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауға Ресей және Орталық Азия елдерінің президенттерін жинады. Бейресми кездесу оның резиденциясының аумағында да өтті.
Кездесуде өңірлік қауіпсіздік, энергетика және көлік мәселелері талқыланғанымен, қорытындысы бойынша ешқандай құжатқа қол қойылмаған.
Одан кейін Назарбаев қонақтарына Ақтауды аралатып, теңіз портын көрсетті. Кейін президенттер тікұшақпен Кендірлі демалыс аймағына аттанған.
Назарбаевтың әріптестерін дәл туған күнінде жинауының себебі қандай болғанын тарих білмейді. Бірақ, келісіңіз, мұндай кездесуге туған күн ыңғайлы сылтау болғаны анық.
Енді арада 24 жыл өткенде пирстегі жұмбақ моншаның суреттеріне қарап, еріксіз сұрақ туындайды: сол кезде жоғары лауазымды қонақтардың біреуі осы моншаны пайдаланып үлгермеді ме екен? Мүмкін, туған күн иесінің өзі де барған шығар?
Енді аумақтың тағдыры не болады?
Жер мемлекетке қайтарылғаннан кейін Маңғыстау билігі алып аумақты қалай пайдалануға болатынын талқылай бастады.
Балаларға, спортқа, мәдениет пен туризмге арналған нысандар, мешіт, теңіз вокзалы және Каспий жағалауындағы жаңа қоғамдық аймақ салу ұсынылды.
Алайда сөзден іске көшкен алғашқы ауқымды жоба — 10 мың көрерменге арналған жаңа стадион болмақ.
Ақтау әкімдігінің Ulysmedia.kz-ке хабарлауынша, стадион дәл бұрынғы президент резиденциясының аумағында орналасады. Арена UEFA стандарттарына сай болады.
Бұл ретте стадион алып аумақтың бір бөлігін ғана алады. 225 гектар жерді бір футбол алаңымен, әрине, қамти алмайсың.
Ал аумақтың қалған бөлігіне не болатыны әзірге белгісіз.