“Күйеуі ұрып, қолын сындырған”: Алматы облысында әйел өз-өзіне қол жұмсады

Ulysmedia
Nemolchi

Алматы облысында артында екі жасар егіз баласы қалған жас әйелдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын әйелін күйеуі ұрып, қолын сындырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оқиға туралы марқұмның отбасы көмек сұрап жүгінген «НемолчиKZ» қоры мәлімдеді. Қайтыс болған әйелдің әпкесінің айтуынша, 23 шілдеде ерлі-зайыпты жанжалдасып қалған. Оның сөзінше, күйеуі әйелін ұрып-теуіп, қолын сындырған.

Әйел бұл туралы бірден туыстарына айтпаған. Әпкесінің сөзінше, ол болған жағдайдан ұялып, ата-анасын алаңдатқысы келмеген.

– Өлімінен бір сағат бұрын әпкем маған осы жағдайды айтып, егіз балаларын басқа әпкемнің қарауына қалдырды. 2026 жылғы 26 шілдеде өмірімен қоштасты, – делінген марқұмның туысы жолдаған өтініште.

Отбасы істі объективті түрде тергеп, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды сұрап отыр.

«НемолчиKZ» мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаның ресми нұсқасы – өз-өзіне қол жұмсау.

Ulysmedia.kz редакциясы Алматы облысының полиция департаментіне түсінік алу үшін хабарласты. Ведомство өкілдері бұл іске қатысты толық ақпарат әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Қайғылы жағдай Жамбыл облысында да болды

Бұған дейін Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы Мәдина Авезованың қайтыс болғаны белгілі болған еді. Оның артында сегіз айлық сәбиі қалды.

Құрбысының айтуынша, Мәдина қайтыс болардан аз уақыт бұрын отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінің ұратынына шағымданған. Соңғы жанжалдан кейін ол күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған. Жарияланған хат алмасуға қарағанда, жанжал қыздың балаға сатып алынған «Барни» тәттісін жеп қойғаннан кейін болған.

Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.