×
$
460.13
532.6
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
460.13
532.6
5.42

Ресейде құрылыс алаңындағы жантүршігерлік өрттен қазақстандық азамат қаза тапты

Бүгін, 18:00
Ресейде құрылыс алаңындағы жантүршігерлік өрттен қазақстандық азамат қаза тапты
Омбы прокуратурасы

Ресейдің Омбы қаласында салынып жатқан нысанда болған ірі өрттен кейін Қазақстан азаматы көз жұмды. Ер адамның денесінің 70 пайызы күйіп, ол ауруханада жатқан. Оның қайтыс болғанын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясына растады.

Не болды?

Өрт 15 тамыз күні таңертең Крупская көшесі мен Архитекторлар бульварының қиылысында салынып жатқан «Кварталы Драверта» тұрғын үй кешенінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, дәнекерлеу жұмыстары кезінде жылу оқшаулағыш материал тұтанған. Құрылыс материалдарынан шыққан өрт тез арада жоғарғы қабаттарға тараған.

Өрт шамамен 1 мың шаршы метр аумақты шарпыды. Соның салдарынан 11 адам зардап шекті. Үшеуіне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілсе, қалғандары түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жатқызылды.

Ауыр жарақат алғандардың арасында Қазақстан азаматы Максим Багинский де болған. Ресейдің жедел қызметтерінің мәліметінше, оның денесінің шамамен 70 пайызы күйіп, бірнеше жарақат алған. Дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қала алмады.

Қазақстан СІМ мәліметінше, Максим Багинский 18 тамызда қайтыс болған.

Осылайша, өрттен қаза тапқандар саны екі адамға жетті. Бұған дейін тағы бір жұмысшы ауруханада көз жұмған.

Қазір зардап шеккен төрт адам Омбыдағы №1 жедел медициналық көмек ауруханасында ем алып жатыр. Ал ауыр күйік алған тағы екі науқас Нижний Новгородқа жеткізілді.

СІМ марқұмның отбасына көмектесіп жатыр

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі редакциямызға берген ақпаратында Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығы Максим Багинскийдің отбасына қажетті көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.

– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 18 тамызда Омбы қаласында болған өрт салдарынан қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматы Максим Багинскийдің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады, – деп мәлімдеді ведомство.

Дипломаттар қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ресейдің тиісті органдарымен байланыс орнатып отыр. СІМ өкілдері марқұмның отбасымен де тұрақты байланыста.

Ресейдің Тергеу комитеті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер өрттің шығу себептері мен жұмысшылардың қаза болуына әкелген мән-жайларды анықтап жатыр.