Астанада әкімдік пен полиция қызметкерлері стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың концертін тоқтатты. Концерт 19 тамыз кешке Carlin мекемесінде өткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Желіде жарияланған кадрлардан концерт кезінде залға бір ер адам кіріп, шараның заңсыз өтіп жатқанын айтқан. Комик пен көрермендер қандай талаптың бұзылғанын түсіндіруді сұрады.
Видеода Қалиақбаров болған жағдайдың себебін анықтауға тырысқан. Ер адам оған:
– Қарапайым тілмен айтқанда, заң бұзылды, – деп жауап берген.
– Сіз менің жанкүйерімін деп едіңіз ғой, – деді комик оған.
– Мен сіздің жанкүйеріңізбін. Сол себепті келдім, – деп жауап берді ер адам.
Әңгімеге көрермендер де араласты. Олар залда нақты қандай заң бұзушылық болғанын және комиктің өнер көрсетуі қандай талапқа қайшы екенін сұрады.
– Біз жай ғана комикті тыңдап, күліп, адамша демалып алуға келдік, – деді залдағы көрермендер.
Кейін оқиға орнына полиция қызметкері келген. Қалиақбаров одан өзін не үшін алып кетпек болғанын сұрады. Полицей комиктің өнер көрсету кезінде балағат сөздер қолданғанын айтты.
Көрермендер бұл пікірмен келіспей, комиктің боғауыз сөз айтқанын естімегенін айтты. Олар дәлел көрсетуді сұрағанымен, жарияланған видеодан көрінгендей, сол жерде нақты дәлел ұсынылмаған.
Қалиақбаров жағдайға әзілмен жауап беріп, көрермендерге билеттердің ақшасын қайтармайтынын айтып, «10 тәуліктен кейін кездесуді» ұсынған.
Әкімдік не деді?
Ulysmedia.kz редакциясы Есіл ауданының әкімдігінен ресми түсінік сұрады. Әкімдік өкілдері мұның басқа себебін атады.
Әкімдік мәліметінше, концерт ұйымдастырушылары мәдени-бұқаралық іс-шара өткізетіні туралы жергілікті атқарушы органға шара басталғанға дейін 10 күн бұрын хабарламаған. Осыған байланысты концерт ресми түрде келісілмеген.
– Бұл рәсім жай ғана формальды талап емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты. Уақтылы хабарлау төтенше жағдай туындаған жағдайда келушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қажет болса, жедел қызметтердің жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді. Әкімдік өкілдері заң талаптарын және қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін түсіндіру үшін оқиға орнына барды. Алайда ұйымдастырушылар қызметкерлердің мекеме аумағына кіруіне кедергі келтірді, – деп мәлімдеді әкімдік.
Осыдан кейін ұйымдастырушылар Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізіліп, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Оларға заң талаптары, келісілмеген бұқаралық іс-шара өткізудің ықтимал қауіптері түсіндіріліп, кейін үйлеріне жіберілген.