Киевке жаппай шабуыл жасалып, 13 адам қаза тапты

Ulysmedia
Кадрлар: Киев қаласының төтенше жағдайлар қызметі

Ресей әскері түнде Украинаға жаппай соққы жасады. Киевте тұрғын үйлер қирап, балалар ауруханасы мен мектеп зақымданды. Елдің басқа да өңірлері шабуылға ұшырады. Сол күні украиналық дрондар Ресей аумағындағы нысандарға да шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зымыран астындағы түн

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей әскері баллистикалық және қанатты зымырандардың әртүрлі түрлерін, сондай-ақ дрондарды қолданған. Соққылар Киев қаласы мен Киев, Одесса және Чернигов облыстарына жасалды.

Кейінгі мәлімет бойынша, Киевте 12 адам қаза тауып, Киев облысында тағы бір адам көз жұмған. 40-қа жуық адам жарақат алған.

– Киевте тұрғын үйлер, соның ішінде жоғарғы қабаттары қираған көпқабатты үй, сондай-ақ балалар ауруханасы мен мектеп зақымданды. Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Зеленский.

Одесса облысында дрондар Молдова шекарасындағы өткізу пунктіне шабуыл жасаған. Чернигов облысында газ инфрақұрылымы зақымданды.

Шабуылдан кейін Зеленский серіктес елдерді Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын көбірек беруге тағы да үндеді.

– «Пэтриоттарға» арналған ұстағыш зымырандар әзірше толықтырылмай отыр, ал олар күн сайын қажет. Әрбір қосымша зымыран халқымыздың өмірін сақтап қалады. Мұны түсініп, көмектесудің жолдарын іздеп, мүмкіндік тауып жүрген барша адамға алғыс айтамын, – деп жазды Украина президенті.

Ресейге жасалған шабуылдар

Сонымен қатар 20 тамыз таңертең Ресейдің Татарстаны мен Краснодар өлкесіне дрондар шабуыл жасағаны хабарланды.

Нижнекамск қаласының мэрі Радмир Беляев жаппай шабуыл жасалғанын және әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Украиналық мониторинг арналары шабуылдың нысанасы «ТАНЕКО» мұнай өңдеу кешені болуы мүмкін екенін жазды.

Краснодар өлкесінде де шабуылдар болғаны хабарланды. «Тамань» қосалқы станциясы мен «Таманьгазнефть» мұнай терминалы нысанаға алынуы мүмкін.

Бұдан бөлек, украиналық дереккөздер сілтеме жасаған спутниктік мәліметтер Приморско-Ахтарск маңындағы әскери аэродром аумағында өрт болғанын көрсетеді.