Жаңбыр, бұршақ және аптап ыстық: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

Ulysmedia
Pixabay.com

Синоптиктер 21 тамызда Қазақстанда ауа райы күрт өзгеретінін ескертті. Кей өңірлерде ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілсе, басқа аймақтарда найзағай ойнап, бұршақ жауып, қатты жаңбыр мен екпінді жел күтіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік, шығыс және таулы аймақтарда жауын-шашын қатты болады. Күндіз бұршақ жауып, дауылды жел соғуы мүмкін. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Қазақстан Алтайының тауларында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты сел жүру қаупі бар.

Қолайсыз ауа райы Абай облысына да келеді. Мұнда қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Семейде де жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.

Павлодар облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және екпінді жел болуы ықтимал.

Алакөл маңында жел күшейеді

Жетісу облысында аса қатты жел күтіледі. Алакөл көлдері аумағында желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Таулы аймақтарда найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Батыста аптап ыстық сақталады

Атырау облысында күндіз ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында да +38 градусқа дейін ыстық болады. Дегенмен кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Ақтөбе облысының батысында және Батыс Қазақстан облысында ауа температурасы +35 градусқа дейін жетеді.

Оңтүстікте шаңды дауыл болуы мүмкін

Қызылорда облысының кей жерлерінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен қатар шаңды дауыл күтіледі.

Түркістан облысының солтүстігінде де шаңды дауыл болжанып отыр. Таулы аймақтарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Жамбыл облысының таулы аудандарында да жауын-шашын болуы мүмкін.

Алматы облысының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматыда төтенше өрт қаупі сақталады. Қала маңындағы таулы аймақтарда жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.

Астанада тұман түседі

Астанада 21 тамызға қараған түні және таңертең тұман күтіледі. Тұман Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарының жекелеген аудандарында да болады.