"Мұндай келінді қаламаймын": 17 жастағы оқушының өліміне қатысты сұмдық дерек айтылды

Ulysmedia
za_yasminu

Алматы облысының Көкқайнар ауылында 17 жастағы Ясмина Изимжанның өліміне қатысты даулы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. «Менің мектебім» гимназиясының 11-сынып оқушысы мектеп бітіруге дайындалып, болашағын жоспарлап жүрген. Алайда 2026 жылғы 23 сәуірде оның өмірі қайғылы жағдайда үзілді. Қыздың отбасы Ясминаға психологиялық қысым жасалып, оның қудалау мен қорқытуға ұшырағанын айтып отыр,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мұндай келінді қаламаймын»

Қаза болған қыздың анасы Гүлнара Аршидинова әлеуметтік желіде «za_yasminu» парақшасын ашып, қызының өліміне қатысты істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп келеді.

Отбасының айтуынша, Ясмина 19 жастағы Ернат есімді жігітпен араласқан. Алайда олардың қарым-қатынасына жігіттің анасы үзілді-кесілді қарсы болған. Ол Ясмина оқитын «Менің мектебім» гимназиясында мұғалім болып жұмыс істеген.

Қыздың туыстарының айтуынша, мұғалім «ұйғыр қызды келін еткім келмейді» деген мазмұнда сөздер айтқан. Кейін Ясминаға ата-анасын мектепке шақырту, тіпті Instagram-да жариялаған видеосына байланысты сотқа жүгінуі мүмкін екенін айтып, қысым көрсетілген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған қыздан Ернатпен қарым-қатынасын тоқтататыны туралы қолхат жазу талап етілген.

– Ясмина қайтыс болар алдында ата-анасына хат қалдырып кетті: «Мама, папа, мен сендерді жақсы көремін. Менің басқа амалым болмады» деп жазып кеткен, – деді Гүлнара Аршидинова.

Отбасы прокуратураға және Оқу-ағарту министрлігіне арызданған. Алайда анасының айтуынша, мемлекеттік органдар бұл жағдайды тиісті деңгейде қарауға құлықсыз болып отыр.

Сонымен қатар туыстары оқушыға қысым көрсетті деп айыптап отырған мұғалім әлі де мектепте жұмыс істейді.

Ясминаның анасы істің объективті тергелуін, мектеп басшылығы мен педагогтің әрекеттеріне құқықтық баға беруді және баланың өліміне кінәлілердің барлығын жауапқа тартуды талап етті.

«Менің мектебім» гимназиясының әкімшілігі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, құқық қорғау органдарына толықтай көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Алайда оқу орны әзірге істің егжей-тегжейіне қатысты баға беруден бас тартып отыр.

– Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы уәкілетті құқық қорғау органдарының тергеуінде. Тиісті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Мектеп өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға толық көлемде көмек көрсетіп, ресми сұраулар бойынша қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып отыр. Тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін мектеп әкімшілігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдіруден және оған баға беруден бас тартады. Асығыс қорытынды жасамай, тергеудің ресми нәтижесін күтуге шақырамыз, – деп хабарлады білім ордасы.

Болашағын жоспарлап жүрген

Ясмина Изимжан Алматы облысының Көкқайнар ауылындағы «Менің мектебім» гимназиясының 11-сыныбында оқыған. Қыз мектеп бітіруге белсенді дайындалып, суретке түсіп, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүрген. Алайда оның өмірі соңғы қоңырауға тура бір ай қалғанда үзілді.

Ulysmedia.kz Алматы облысының полиция департаментіне жағдайға қатысты түсініктеме беру және істің мән-жайын нақтылау жөнінде сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте ведомство редакция сауалына жауап берген жоқ.