Әлеуметтік желіде жолаушылардың әуелі жұдырықтасып, кейін автобустың ішінде пышақ пайда болған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пышақпен төбелес
Кадрлардан екі ер адамның әуелі сөзге келіп қалғанын көруге болады. Біраз уақыттан кейін дау төбелеске ұласып, ер адамдардың бірі екіншісін ұра бастайды.
Осы кезде жанжалға тағы бір жолаушы – жас жігіт араласады. Ол төбелесіп жатқан ер адамдарға қолына пышақ ұстап жүгіріп келеді.
Осыдан кейін автобустағы жағдай бірден ушыққан. Жолаушылар айқайлап, жанжалды тоқтатуға тырысады. Видеодан адамдардың ер адамдарды сабырға шақырғанын естуге болады.
Әсіресе әйелдер мен балалардың реакциясы байқалады – автобустың ішінде дүрбелең басталады. Артқы орындықта отырып, болған жағдайды түсіріп отырған жолаушы да жанжалға қатысушыларды сөзбен тоқтатуға тырысады.
Бір сәтте автобус жүргізушісі араласады. Кадрларға қарағанда, ол жанжалды тоқтатып, оның қатысушыларын автобустан шығаруға тырысқан.
Алайда видео басталғанға дейін не болғаны белгісіз.
Полиция не дейді?
Ulysmedia.kz Алматы полиция департаментіне хабарласып, түсінік сұрады.
Полиция депаратаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
– Жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай агрессивті және қоғамға қауіпті мінез-құлыққа жол берілмейді. Кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады департамент.