Қазақстан балалар құқығы жөніндегі жаһандық рейтингте Канада мен Швейцариядан озды

Ulysmedia
Pixabay.com

Қазақстан балалар құқықтарының сақталуы бойынша халықаралық рейтингте Канада, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания және басқа да бірқатар дамыған елдерді басып озды. 2026 жылы Қазақстан 0-ден 1-ге дейінгі шкала бойынша 0,797 көрсеткішпен Kids Rights Index рейтингінде 24-орынға жайғасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан үздік 25 елдің қатарында

Бұл Қазақстандағы балалардың аталған елдердегі құрдастарына қарағанда әл-ауқаты жоғары деген сөз емес. Өйткені рейтинг балалардың жалпы өмір сүру деңгейін емес, олардың құқықтарының қаншалықты қорғалғанын бағалайды.

Қазақстан осымен үшінші жыл қатарынан балалар құқықтары жақсы қорғалған 25 елдің қатарынан көрініп отыр. 2026 жылғы рейтингте Қазақстан Швейцария, Канада, Швеция, Ұлыбритания және БАӘ сияқты дамыған мемлекеттердің өзін басып озған.

Орталық Азия елдері арасында да Қазақстанның көрсеткіші жоғары. Республика барлық көрші мемлекеттерден және 151-орында тұрған Ресейден жоғары нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар Қазақстанда балалардың әл-ауқатын бағалайтын ұлттық индекс әзірленген. «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2026 жылға арналған мақсатты көрсеткіш 61,5 балл болып белгіленген. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 68 балға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл индекс – тұжырымдамадағы он негізгі көрсеткіштің бірі. Олардың қатарында балалардың құқықтық қорғалуы, балалар инфрақұрылымы нысандарының, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласында арнайы білімі бар мамандардың үлесі бар.

Реформаларға 1,3 трлн теңге бөлінеді

Тұжырымдамада көзделген шараларды жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылған. Құжат Президенттің тапсырмасымен әзірленіп, 2026-2030 жылдар аралығын қамтиды.

Жобаны әзірлеуге ЮНИСЕФ мамандары да қатысты. Ұсынылған мәліметке сәйкес, олар Қазақстанда балаларды қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, елді Орталық Азияның басқа мемлекеттері мен Еуропаның кейбір елдеріне үлгі ретінде атаған.

Сонымен бірге халықаралық рейтинг пен ұлттық индекс әртүрлі көрсеткіштерді өлшейді. Біріншісі балалар құқықтарының жағдайын бағаласа, екіншісі Қазақстан белгілеген өлшемдер негізінде балалардың әл-ауқатын көрсетеді.

Сондықтан рейтингтегі көрсеткіштер Қазақстандағы балалардың жалпы өмір сүру деңгейі Канада немесе Швециядағы балалардан жоғары дегенді білдірмейді.