Атырау әуежайында бетін толық жауып, жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киген алты әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шетелден оралғаннан кейін анықталған
Алты әйелдің барлығы да – Атырау қаласының тұрғындары. Олар Ыстамбұлға барып қайтқан. Құқық бұзушылық Қазақстанға оралғаннан кейін анықталған.
– Құқық бұзған әйелдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қоғамдық орындарда адамның бетін тануға кедергі келтіретін киім кию талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды, – деп түсіндірді ІІМ.
Заңда не жазылған?
Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бетін тануға кедергі келтіретін киім киюге 2025 жылғы 12 шілдеден бастап тыйым салынған. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Полиция әйелдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.