Жексенбі күні саяси жаңғыру жолына түскен Қазақстанда алғашқы Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстандықтар маңызды таңдау жасайтын сәт алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жасап, бұл сайлауды ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БӘСЕКЕГЕ ТОЛЫ ӘРІ МАЗМҰНДЫ НАУҚАН
Мемлекет басшысы еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келе жатқанын атап өтті.
– Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді, – деді Тоқаев.
Десе де, президент атқаратын жұмыс әлі де көп екенін баса айтып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың межелі нәтижеге жетуіне жауапты азаматтарды босаңсымауға шақырды.
– Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады. Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқанының өту барысына көңілі толғанын жеткізді.
– Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды, – деді ол.
Президент бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатынына сенімді.
ЖАҢА ТҰЛҒАЛАР МЕН ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР
Расында да, бұл науқанда партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды. Азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады.
Ең бастысы, президент атап өткендей, сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті.
– Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан, – деді мемлекет басшысы.
САЯСИ МӘДЕНИЕТТІҢ АРТУЫ
Халқымыздың саяси мәдениеті артқанын саясаттанушылар жиі айтып жүр. Тоқаев та өз үндеуінде бұған айрықша тоқталды.
– Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды, – деп атап өтті президент.
Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болғаны мәлім. Олар дауыс беру күні де учаскелерде өз қызметін жалғастырады.
– Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз. Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін, – деді Тоқаев.
ҚҰРЫЛТАЙ ҚАНДАЙ ҚҰРЫЛЫМ БОЛАДЫ?
Президент Құрылтайдың әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болғанын қалайды. Жаңа парламентіміз ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналуы тиіс екенін айтты.
– Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет, – деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында президент бұл сайлаудың саяси салмағына тоқталды.
– Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ӘР АЗАМАТТЫҢ ТАҢДАУЫ МАҢЫЗДЫ
Президент еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты екенін баса айтты. Оның айтуынша, айлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз.
– Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын, – деп түйіндеді сөзін.