MEGA Alma-Ata-дан адамдар эвакуацияланғаннан кейін әлеуметтік желіде автотұрақ жұмысына қатысты шағымдар пайда болды. Келушілер өрт дабылы іске қосылған кезде шығаберістегі шлагбаумдар ашылмай, көліктер ұзын-сонар кезекке тұрғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Шығаберісте кезек»
Алматы тұрғындарының бірі эвакуация кезінде шлагбаум алдында тұрып қалғанын жазды.
«MEGA-да өрт болып жатыр, ал шлагбаумды ашудың орнына 1000 теңгені қимай отыр. Шығаберісте кезек», — деп жазды ол.
Тағы бір адам сауда орталығы маңында үлкен кептеліс болғанын айтып, эвакуация кезінде көліктердің шығуын неге ұйымдастырмағанына таңғалған.
Тағы бір қолданушы автотұрақта қатты түтін болғанын хабарлады. Оның айтуынша, түтін көлігіне жақын жерде шығып, барған сайын қоюлана түскен.
Threads желісінде эвакуацияның ұйымдастырылуына қатысты да шағымдар айтылды. Келушілердің бірі кейбір апаттық шығу есіктері жабық болғанын, ал қызметкерлер адамдарға бағыт көрсетпегенін мәлімдеді. Соның салдарынан келушілердің бір бөлігі эскалаторларға қарай жүгірген.
Контекст
Бұған дейін MEGA Alma-Ata-да өрт дабылы іске қосылып, адамдар ғимараттан шығарылған. Жаппай эвакуация сәтінің видеолары әлеуметтік желілерде тарады.
Алматы қалалық ТЖД Ulysmedia.kz редакциясына сауда орталығында өрт ошағы анықталмағанын хабарлады. Тексеруден кейін өрт сөндіру бөлімдері өз орындарына қайта бастаған.
MEGA Alma-Ata өкілдері өрт дабылы шынымен іске қосылғанын, алайда келушілерге қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Сауда орталығы жұмысын жалғастырды, ал оқиғаның себептері анықталып жатыр.