Жанкүйерлер Дастан Сәтбаевқа тосын лақап ат тапты

Ulysmedia

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев Англияның «Бернли» клубы сапындағы алғашқы ойынынан кейін ерекше лақап атқа ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Х әлеуметтік желісіндегі TimelessCFC есімді қолданушылардың бірі 18 жастағы футболшыны «Дастан "Statpad" Сәтбаев» деп атады.

«Дастан "Statpad" Сәтбаев "Бернли" сапында дебют жасады», – деп жазды жанкүйер.

«Statpad» сөзі ағылшын тіліндегі stat padding тіркесінен шыққан. Футбол ортасында бұл сөз статистиканы қолдан «толтыру» деген мағынада қолданылады.

Әдетте бұл тіркес әлсіз қарсыластарға қарсы немесе матч нәтижесіне айтарлықтай әсер етпейтін сәттерде соғылған голдар мен нәтижелі пастарды әжуалап айту үшін қолданылады.

Сәтбаевқа қатысты бұл лақап ат оның тегіне де үндесіп тұр.

Сәтбаевтың дебюті қалай өтті?

Қазақстандық футболшы 23 тамызда Чемпионшиптің екінші турында «Вест Бромвичке» қарсы матчте алғаш рет «Бернли» сапында алаңға шықты.

Сәтбаев 57-минутта қосалқы құрамнан ойынға қосылды.

Шабуылшы нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады, ал оның командасы 1:3 есебімен жеңілді.

Бұл кездесу 18 жастағы футболшының «Бернли» сапындағы алғашқы ресми ойыны болды. Ол бұл клубта жалға алу шартымен өнер көрсетіп жүр.