Алматыда RAMS салған тұрғын үй кешеніндегі өрттен қыз қаза тауып, төрт адам ауруханаға түсті

Ulysmedia
ТЖД және Threads / kydyrbaevkz кадры

Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде түнде болған өрт салдарынан бір адам қаза тапты. Тағы төрт адам ауруханаға жатқызылды. Құтқарушылар түтін басқан үйден 150-ге жуық тұрғынды эвакуациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Өрт кеше түнде Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы 13 қабатты үйде шыққан. «101» пультіне қоңырау сағат 22:49-да түскен. Алғашқы бөлімшелер бес минуттан кейін жетті.

Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында кабельдер жанған. Бірінші кіреберістің жетінші қабатынан он үшінші қабатына дейін электр қалқандары өртенген.

– Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Үйден тоғыз бала бар 148 адам құтқарылды. Тұрғындар баспалдақ арқылы арнайы құтқару қалпақтарымен шығарылды. Төрт зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды. Өртті сөндіруге шамамен 90 құтқарушы мен 25 техника жұмылдырылды, – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқарушылар ес-түссіз жатқан қызды тапқан. Дәрігерлер оны реанимациялауға тырысқанымен, аман алып қала алмады.

ТЖД мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, өрт дабылы өрт сөндірушілерге қоңырау түскенге дейін әлдеқайда ертерек іске қосылған.

– Алдын ала мәлімет бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелері шақырылғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Сонымен бірге тұрғындар өрт туралы өртке қарсы қызметке дер кезінде хабарламаған, – дейді құтқарушылар.

«Мама, мен сені жақсы көретінімді айтқым келді»

Үй ішінде не болғанын тұрғындар мен олардың жақындары Threads желісінде айтып берді.

Бір әйел шамамен сағат 23:00-де қызының аяқ асты телефон соққанын жазған.

– Қызым «Мама, мен сені жақсы көретінімді айтқым келді» деп қоңырау шалды. Ақша керек шығар деп ойладым. Ал сол кезде ол құрбысымен бірге пәтерде қара түтінге тұншығып жатқан екен. Қызым: «Мама, сөйлесе алмаймын алмаймын, бәрі түтін» деді де, телефонды қойып тастады. Осыдан кейін қызым жауап бермей қойды. Кейін оның өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, пәтердің нөмірін айтып үлгергенін білдім. Қыздар үйдің іші тас қараңғы болғанын айтқан. Олар үй жануарларын алып, киім ілетін бөлмеге кіріп, дымқыл сүлгі арқылы дем алуға тырысқан, – деп жазды әйел.

– Қызым әбден абдырап, артынан өрт сөндірушілер келгенін және құтқарылғанын айтты. Аллаға шүкір. Бейнеқоңырау кезінде пәтерлердің қалай жанып жатқанын көрдім. Бұл сұмдық, – деді ол.

Кейін әйел тағы бір жайтты айтып берді. Қызының сөзінше, тұрғындар кіреберісте шамамен бір сағат бойы әлдебір сигнал естіген. Алайда оның нені білдіретінін түсінбей, дыбыс көршілерден шығып жатыр деп ойлаған.

Тұрғын үй кешенін кім салған?

Lamiya тұрғын үй кешенін RAMS Qazaqstan компаниясы салған. Алматыда бұл құрылыс компаниясы бұған дейін де бірнеше дауға іліккен.

Солардың бірі – Тимирязев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы 40 қабатты Beyond Almaty жобасына қатысты болды. Биік ғимарат құрылысына тұрғындар, қоғам белсенділері мен депутаттар қарсылық білдірді. Әкімдік те заңбұзушылықтарды анықтап, нұсқама берген. Ақыры RAMS жобадан бас тартты.

Компанияның басқа нысандарына да қатысты шағымдар айтылған. 2026 жылдың жазында RAMS City тұрғындары коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлегеніне қарамастан, қызмет көрсетуші ұйымның қарызы салдарынан корпустардың бірінде электр жарығы мен су өшірілгенін айтқан.

RAMS Qazaqstan халықаралық RAMS Global тобына кіреді. Қазақстанда компания құрылтайшылары ретінде Рамазан Бұлбұл мен Алмат Байымбетов көрсетілген.